СІз қандай атау, қандай әуен ұсынар едіңіз?
Қадірлі тереңөзектіктер!
Өздеріңізге белгілі, аудан айнасы – Тереңөзек кентінің орталық алаңына жақында алтын түстес алып сағат орнатылды. Туған жердің елжанды түлектері тарту еткен бұл ерекше сый кент келбетіне көрік қосып, айрықша ажар беріп тұр. Алқапта жайқалып тұрған қасиетті күріш дақылы секілді алыстан менмұндалайтын ескерткіш-стелла маңына келіп естелік суретке түсушілердің де қарасы қалың. Бұл түлектер тартуының аудан жұртшылығының көңілінен шыққанын білдіреді.
Бүгін әлеуметтік желі арқылы Сіздерге аталған сағат туралы ой бөліспекпін. Мұның идеологиялық мәні тереңде деп ұғынуымыз қажет. Бір сөзбен айтқанда, мен ұсынатын ой түлектер тартуына жалпыхалықтық ат қою және әр сағат сайын соғатын дабылды басқа әуенге өзгерту мәселесін қамтиды.
Ең алдымен, атаудан бастайын.
Кез-келген нысанға халық тарапынан ат қою салты бұрыннан бар. Қазірдің өзінде аудан қонақтары мен жергілікті тұрғындар түлектер тартуын әртүрлі атап жүр. Осы ретте көңілге қонымды, құлаққа жағымды жалпыхалықтық ат қоюдың маңыздылығы жөнінде мысалдар келтіруді жөн көрдім.
Нұр-Сұлтан қаласында «Бәйтерек» кешені бар екенін бәріміз білеміз. Қандай тамаша атау! Елорданың мақтанышына айналған нысанды әлем жұртшылығы да біледі. Тіпті, әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар өз сапарлары барысында арнайы уақыт тауып «Бәйтерекке» баруды өздеріне міндет санайды. Себебі, нысанның көз тартар әсемдігімен қатар атауы да жұртшылықты шақырып тұр.Тағы бір жарқын мысал ретінде Париждің ең танымал сәулеттік нысаны «Эйфель мұнарасын» айтуға болады. Мұнара Париждің атын әлемге әйгілі етті. Бүтін бір елдің брендіне айналды. Мұнда да мұнара атауы тілге жеңіл, көңілге қонымды жақсы қойылған.
Тереңөзектегі сағатқа жалпыхалықтық атау беру үшін сағатты орнатқан түлектердің идеясына қысқаша тоқталайық.
Біріншіден, түлектер өздері үшін ең қасиетті мекенге құнды дүниені тарту етуді мақсат еткен. Ал, қазақ халқы құнды нәрсені ықылым заманнан бері алтынмен өлшеп, әспеттеген. Мысалы, алтын уақыт, алтын адам, алтын дән, алтын бесік, алтын босаға, алтынмен апталған, алтындай жарқыраған секілді тіркестер бар. Сондықтан ескерткіш-стелла алтын түстес болуы оның құнды екенін айшықтайды.
Екіншіден,алтын түстес сағаттың кескіні күрішке ұқсайды. Себебі, күріш – Сырдария ауданының бренді және аграрлы ауданның аты күрішпен шыққан. Сырдария ауданы мен күріш – егіз ұғым.
Үшіншіден, ескерткіштің уақытты көрсетуі мен сағат сайын соғатын дабылының өзара үйлесімі. Бұл әрбір күннің әр сағаты, әр сәті құнды екенін, оны босқа өткізуге болмайтынын аңғартады.
Міне, осындай идеялардан туындаған керемет тартуға ерекше реңк беретін атау қажет. Мүмкін, көп ұсынылған атау ресми бекітілер.
Енді сағат әуеніне қатысты ой.
Қазіргі әуен – «Кремлевские куранты». Бұл зауыттан шыққан стандартты әуен. Зауыт шеберлері «әуенді ауыстыруға болады» дейді.
Сіздер бүгінгі жазбаға «Кремлевские куранты» әуенін өзгерту бойынша өз ұсыныстарыңызды білдіре аласыздар. Дабыл үні аудан тұрғындары тарапынан көп ұсынылған әуенге өзгертіледі.
Әр сағат сайын соғатын әуен жалпыға танымал әннің әуені немесе күйдің күмбірі болғаны дұрыс секілді. Оның алғашқы ноталарынан-ақ қандай әуен (ән, күй) екені бірден белгілі болса, тіптен керемет болар еді. Рухани күш беретін, әсерлі, әдемі, әсем әуен ұсынасыздар деп сенемін. Ең бастысы, әрбір азаматтың ұсынысы маңызды.
Айтпақшы, сағаттың дауысын қазір мамандар басып қойды. Әуенге таңдау жасап болғаннан кейін зауыт оны бізге дайындап бередi. Тек сосын ғана әуенді іске қосамыз.
Атау мен әуенге қатысты ұсыныстарыңызды 10 маусымға дейін бере аласыздар. Жеңімпаздың аты аталатын болады.
Құрметті оқырман, Сіз қандай атау, қандай әуен ұсынар едіңіз? Төменге пікір қалдырыңыз.