Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар қашанғы қиналады?

Тұрғындар қашанғы қиналады?

Тереңөзек кентінде азды-көп­ті қос қабатты тұрғын үй­лер бар. Солардың бірқатары Абай Құнанбайұлы, Азатбақыт Әлиакбаров көшесінде орналас­қан. Апта ағымында осы тұрғын үйлердің тұрғындары аудандық газет редакциясына шағымын арқалап келді.

Көктем басталғалы қос қабатты тұрғын үй иелерінен маза кеткен. Жаңбыр жауса, лай балшықтан аяқтарын алып жүре алмайтындарын алға тартқан олар жергілікті атқарушы органға бұған дейін де бірнеше рет талап-тілектерін айтқан. Мәселе әкімдердің халыққа есеп беруінде де көтерілген. Алайда, халық үніне құлақ асатын мемлекеттік орган өкілдері табылмаған.

Тұрғындардың айтуынша, батпаққа бат­қан көшемен жаңбырлы күндері қызметтік көліктер мен жеңіл автокөліктер мүлдем жүрмейді. Жедел-жәрдем қызметінің көлігі де бірнеше рет батып, әбігерге түскен. Ал­да-жалда газыңыз таусылса, үйіңізге жүздеген метр жерден ауыр баллонды көтеріп әкелесіз. Такси қызметі де көше бо­йына дейін ғана көрсетіледі. Қандай да бір тағамға тапсырыс берсеңіз, жолдың бойына шығып аласыз. Сондықтан тұрғындар жатса да, тұрса да «жаңбыр жаумаса» деп тілейді. Ал, табиғаттың адам заңына бағынбайтыны айтпасақ та түсінікті.

Әрине, барлық мәселе бюджеттің қар­жылық мүмкіндігіне қарай шешіледі. Бірақ, жұмыстарды кезең-кезеңімен атқаруға болатыны белгілі. Мысалы, биыл тек бір немесе екі қос қабатты тұрғын үйдің ауласы ретке келтірілсе, келесі жылы тағы да осы жұмыс жалғасса, тұрғын үй иелері бұлай қиналмас еді. «Мәскеу де бір күнде салынған жоқ» деген тәмсілге сүйенер болсақ, бұл күлетін ұсыныс емес. Керісінше, сыннан қорытынды шығарып, тиісті бюджет әкімшісі жоба-сметалық құжат дайындауға кірісуі қажет. Қалғаны уақыттың еншісіндегі іс.

Түйін: Біз «Кент әкімінің назарына!» деп айдар тағып, мәселені күн тәртібіне шығарғанымызбен бұл іс аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне де тікелей қатысты. Қос мекеменің де өзіндік айтары, жос­пары болса, біз газетке басуға дайынбыз.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
30 наурыз 2021 ж. 641 0