ҚАРҒА ДА ҚОНАТЫН ЖЕРІН БІЛЕДІ
Тұрғындар арасында қызу талқыда жүрген бұл жердегі қоқыс «тауының» аумағы үлкейіп барады. Бұл жайлы сол маңдағы тұрғындар дабыл қағуда. Жаны ашыған олардың шағымы да түсінікті. Кентке қарасты «Әйтек» арнасының бойында орналасқан, яғни Н.Ілиясов көшесі №59 тұрғын үйдің маңайы қоқыс алаңына айналған. Көктем айларында көше бойындағы тазалықты сақтау барысын бақылау мақсатында арнайы топ рейд жұмысын жүргізген болатын. Нәтижесінде кентке қарасты барлық көшенің тазалығы назардан тыс қалмады. Қай кезде де орынсыз қоқыс төгіп, тұрғылықты жерінің айналасын ластауға жол берген кез келген тұрғынға түсіндірме жұмысы жүргізіліп, мерзімінде орындалмаған жағдайда арнайы полиция қызметкерлері тарапынан айыппұл салынды. Ал бүгінгі сөз болып отырған мәселе көпшіліктің көкейінде жүрген түйткілді дүние.
Аптаның сәрсенбісінде аудандық жергілікті полиция, кент әкімдігі және редакциядан бөлінген мамандар бірлесіп, кезектен тыс рейд жұмысын жүргізді. Сан рет естігеннен бір рет көзбен көргенге не жетсін?! Аталған мекен-жайға біз де табан тіредік. Ыза су басқан сайдың төңірегі кәдімгі қоқыс полигонына айналған. Жан-жағына күл-қоқыс үйілгенін көріп, көше тұрғындарымен сөйлескен болатынбыз. Бұл ретте күл-қоқысты түнгі уақытта сырттан келіп, көлікпен әкеліп тастайды екен. Жеңіл көлікпен келген жастар да қас қарайған уақытта осы жерге жиналып тұратын көрінеді. Түнгі сағат 23.00 мен 2.00 шамасында қоқыс төгетін адамды анықтаудың бір жолы сол көше бойына қатаң бақылау орнату болып табылады. Жыл сайын тиісті мекеме тарапынан тазалық жұмысы жасалғанымен араға уақыт салмай баяғы қалпына түседі. Көше тұрғындарының ыждағаттылығы мен ауызбіршілігі керектігін айтып жүрміз. Бірақ қашанғы сырттан келген адаммен күресе береді дейсің?! Кейде сол тұрғандардың өздері де күл-қоқыс тастауы бек мүмкін. Бұл маңайда жемтігін іздеген қарға қаптап жүргенін байқадық. Алдағы күндері тиісті сала қызметкерлерімен бірлесіп, тазарту жұмысын жүргізу керектігі айтылды. Бұдан кейін қоқыс төккен жағдайда заңдық тұрғыдан айыппұл салынатыны ескертілді.
Осылайша рейд жұмысы кент орталығында жалғасын тапты. Көп қабатты тұрғын үйлердің ауласын аралап, мұндағы жағдай да мәз емес екенін байқадық. Бұл жақта тұрғынның көпшілігі сырттан келіп төгеді дегенді алға тартады. Арнайы қоқыс төгетін темір жәшік, арнайы орын қазылып бергенімен шектен тыс көптігі көрініп тұр. Мұнан басқа А.Құнанбаев көшесі №16 көп қабатты тұрғын үй ауласы қоқысқа толы екендігін көзбен көрдік. Халық арасында «Полечудес» аталып кеткен көше бөлігіндегі тұрғындардың осы маңайға қоқыс төгетіні аңғарылды. Ғұмыр бойына адам бойында ізгі қасиетті ұялатқан Абай ақынның көшесі осы кейіпте болуы көңіл көншітпейді.
Рейдті аяқтап, жұмыстан қайтқан бетім. Кенет орталықтағы А.Иманов көшесі №39 көп қабатты тұрғын үйден шыққан орта жастағы келіншек жан-жағына қарамастан қолындағы қоқыс толы қос пакетті белгіленген жерге жетпей, лақтырып жіберді. Қолындағы қоқыс салынған қалта қалықтап барып, өз орнына қонды. Жұмыспен қарбаласқан халық сол маңайдан ерсілі-қарсылы күнде өтеді. Жаңа ғана көше тұрғындарымен сөйлесіп, қоқысты арнайы белгіленген орынға немесе темір контейнерге төгуді айтып, түсіндіріп келе жатқандағы мына көрініс мені «қорлағандай» әсер қалдырды. Ол жап-жас келіншек, отанасы. Жас болсын, кәрі болсын, әркімнің санасына берсін. Сана тазармаса ауланың да таза болмайтыны анық. Оған осы жолы көзім жетті.
Балтабай АЯБЕКҰЛЫ