Ұлтты сүю ананы сыйлаудан басталады
Жас бүлдіршіндерді тәрбиелеп, жаңашылдыққа бейімдеу – жауапты іс. Сол жауапкершілікті абыроймен атқарып жүрген «Қызғалдақ» бөбекжай балабақшасының тәрбиешісі Гүлнәз Наватова ересек топ тәрбиеленушілерімен ертеңгілік өткізді.
"Ана – өмір шуағы" атты іс-шараға ересек «Жауқазын» тобының бүлдіршіндері белсене атсалысты. Балалар «Айналайын, ақ мамам», «Көктем келді», «Сағындым әже, сағындым», «Сегодня мамин праздник», «Нұрлы көктем» әндерін шырқап, «Гүлдер мен көбелектер» биін нақышына келтіріп орындады. Сонымен қатар аналарға арналған өлеңдерін жатқа оқып, ұлдар аруларға арнап «Шайхана» биін билесе, Марлен «Ай дидарлы анашым» әнін шырқады. Ертеңгілік барысында тәрбиеші Г.Наватова ана әлемдегі ардақты жан екенін бүлдіршіндерге ұғындырды. Ертеңгілік соңында балабақша меңгерушісі Ғайни Хайроллақызы қорытынды сөз сөйлеп, әріптестерінің жұмысына сәттілік тіледі.
Баланың болашағына жауапкершілікпен қарап, ұлтын сүюді ананы сыйлаудан бастап үйрететін тәрбиешілер жұмысы мақтауға тұрарлық. Ана мен әженің батасын алған бала болашақта ел тұтқасын ұстар мықты азамат болады. Бала күннен ананың қадірін ұғынған баланың болашағы да жарқын болатыны анық.
Жұлдызай АНШАЕВА