Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Отан – отбасынан басталады

Отан – отбасынан басталады

Сырдария аудандық сотында «Неке шарты институты» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Іс шараға санитарлық талаптарды сақтай отырып, аудандық сот төрағасы Р.Алдамбергенов, Билер кеңесінің мүшесі М.Елеусінов, кәсіби емес медиатор С.Еламанов, нотариус Ф.Оспанова, «Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бас маманы Ж.Дүзімбетова мен әдіскер Г.Алимбетова қатысты.

Дөңгелек үстелді аудандық сот төрағасы Руслан Алдамбергенов ашып, қазақта «Отан – отбасынан басталады» деген тамаша сөз бар. Қашаннан шаңырағының шайқалмауын тілеген ұлтпыз. «Шаңырағын биік, керегең кең, босағаң берік болсын»- жастар отау тіккенде міндетті түрде айтылатын тілек. Бұл жай ғана тілек емес, оның астарында отбасын берік ету арқылы мемлекеттің мығым болуына үлес қосуға үндеу жатыр. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, ұл қызды еңбекке баулу, отаншылдыққа, елжандылыққа тәрбиелеу. Мұның бәрі «кіші мемлекет» саналатын отбасындағы үздіксіз жүргізіліп отыратын, атадан балаға мұра болып келе жатқан тәрбие мектебі. Осының бәрі әрбір кіші мемлекетте салтанат құрса, онда үлкен мемлекеттің іргесі беки түсетіні даусыз.

Алайда, сол отбасы құндылықтарын дәріптемей, кез-келген дүниені сылтау етіп, заңды некені бұзуға бейім тұратындар саны көбейіп барады. Сонымен қатар, ерлі-зайыптылардың ортақ мүліктерін бөлу жөніндегі істерде түсуде.

Негізінен, ерлі-зайыптылардың ортақ мүлікке қатысты даулары, неке және отбасы туралы кодексінің 39-43- баптарының талаптарына сай неке шартында көрініс табуға болатынын айтып өткен жөн.

Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы № 518-ІV «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы кодексінің 39- бабында некеге отыратын адамдардың келiсiмi немесе ерлi-зайыптылардың некедегi және ол бұзылған жағдайдағы мүлiктiк құқықтары мен мiндеттерiн айқындайтын келiсiм неке шарты деп аталады. Неке шартында некеде туған немесе асырап алынған балалардың мүліктік құқықтары көзделуі мүмкін делінген.

Аталған кодекстің 40- бабында неке шарты тіркеуші органға некені (ерлі-зайыптылықты) мемлекеттiк тiркеу туралы өтініш берілген күннен бастап неке қию (ерлі-зайыпты болу) мемлекеттік тіркелгенге дейін де, некеде тұрған (ерлі-зайыпты болған) кезеңiндегі кез келген уақытта да жасалуы мүмкiн. Неке қию (ерлі-зайыпты болу) мемлекеттiк тіркелгенге дейiн жасалған неке шарты неке қию (ерлі-зайыпты болу) мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi делінген. Неке шарты жазбаша түрде жасалады және міндетті түрде нотариатта куәландырылуға жататындығын айтып өтті.

Сонымен қатар, төраға «АХАТ» бөлімінің мамандарына «Неке және отбасы кодексінің» 17-бабында Тіркеуші органдарда некені (ерлі-зайыптылықты) бұзу, кәмелетке толмаған ортақ балалары жоқ ерлі-зайыптылардың некені (ерлі-зайыптылықты) бұзуға өзара келісімі кезінде және бір-біріне мүліктік және өзге де талаптары болмаған кезде тіркеуші органдарда неке (ерлі-зайыптылық) бұзылатынын, егер ерлі-зайыптылардың біреуін: сот хабар-ошарсыз кеткен деп таныса, сот әрекетке қабілетсіз деп таныса, сот әрекет қабілеті шектеулі деп таныса, қылмыс жасағаны үшін кемінде үш жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға соттаса, неке (ерлі-зайыптылық) ерлі-зайыптылардың кәмелетке толмаған ортақ балаларының болуына қарамастан, ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша тіркеуші органдарда бұзылады. Некенің (ерлі-зайыптылықтың) бұзылуын мемлекеттік тіркеуді осы Кодексте белгіленген тәртіппен тіркеуші орган жүргізетіндігін айтып, осы заң талаптарына баса назар аударуды тапсырды.

Іс шара соңында қатысушылар тәжірибеде туындайтын мәселелерді талқылап, өзара пікір алмасты.

Меңдігүл Асан,
Сырдария аудандық сотының баспасөз хатшысы 
15 наурыз 2021 ж. 676 0