Бітімгершілік мақсаты – тараптар татулығын сақтау
2018 жылдың басында Жоғарғы Сот төрағасының бастамасымен сот жүйесін одан әрі дамыту мақсатында жеті басым міндет айқындалып, жеті жоба бойынша жұмыс топтары құрылған болатын. Соның бірі – «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы. Осы жоба аясында Сырдария аудандық сотында билер кеңесімен бірге нәтижелі жұмыстар атқарылуда.
Болашағы біртұтас елдің барлық мемлекеттік және азаматтық қоғам институты қызметінің ең басты қағидаты – қоғамдық келісімді сақтау және нығайту болып табылады. Яғни бітімгершілік рәсімдерінің басты мақсаты – тараптар татулығын сақтау.
Билер кеңесінің бүгінгі сот жүйесінде қолданылуы маңызды істі ата-баба ұстанған әділдік, адалдық, ашықтыққа негіздеуді талап етеді.
Қазіргі таңда билер кеңесі ескі дәстүрді жаңғыртып, ақыл-парасатымен қара қылды қақ жаруға күш салып жатыр. Бұл халық үшін қолайлы әрі сот органдарының да жұмысын жеңілдетіп отыр. Осы орайда аудандық сотпен «Татуласу: сотқа дейін, сотта» пилоттық жобасы аясында Билер кеңесінің көмегімен осы күнге дейін 49 азаматтық іс тоқтатылды. Яғни талап қоюшылар «Сырдария аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі 49 жауапкерден негізсіз артық алынған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті өндіру туралы талаппен арызданған.
Алдын-ала сот отырысында тараптар ауданымыздағы Билер кеңесіне жүгінді. Билер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, мүшелері Мектепхан Елеусінов, Кенжебек Мұстафаев өздерінің өмірлік тәжірибелеріне сүйеніп, тараптарды татуластыру жолымен дауды шешуге көмектесіп, 49 жауапкер өндірілуге тиіс сомаларды төлеуге міндеттенді. Сот ұйғарымымен тараптардың татуласу келісімдері бекітіліп, іс жүргізу өндірістен тоқтатылды.
Жалпы, татуластыру шараларын қолданудың тағы бір тиімділігі – ол сот жүйесіндегі жүктемені азайтады. Ең бастысы, дауды созбалаңға салмай, оны шешу мерзімін қысқартады. Мұның бәрі түптеп келгенде, азаматтардың сотқа деген сенімін арттыруға өз септігін тигізеді. Татулық – табылмас бақыт.
Руслан Алдамбергенов,
аудандық соттың төрағасы