Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұшты, ұшты, целлофан ұшты...

Ұшты, ұшты, целлофан ұшты...

Целлофанның өмірімізге сіңіп кеткені сонша қазір осы пайдасы мен зияны бірдей затты тұтынбасақ тұра алмайтын жағдайға жеттік. Көшеде, арықтың ішінде шашылып жатқан ақ қалтадан аяқ алып жүре алмайсыз.

Бұрын кент әкімі қызметін атқарған білікті басшы қоғамдық жұмысқа тартылған, көше тазалығына жауапты жұмысшыларды таң атысымен көшенің бойындағы қоқысты – қаптап жатқан целлофан қалтаны жинауға жұмылдырады екен. Сол басшының айтқан мына сөзі есімде қалыпты: «Дүниеде целлофан қалтадан көп нәрсе жоқ па дедім. Көшенің бойын күнібойы целлофаннан тазаласақ та оны тауыса алмадық. Бұл қалтаны жоюдың бірден бір жолы – оны өндірістен алып тастап, пайдалануға тыйым салса ғана құтыламыз» деген еді. Міне, қазір көктем шыға, ауа-райының жылынуымен көше жағалап сол баяғы полиэтилен қалтаны теріп жинап жүрген жандарға көзім түсті.

Картон қағаздың қадірі

Адамның целлофанды пайдалануы қайдан шықты? Шын мәнінде осы сауалдың жауабын іздеу үшін әлеуметтік желіні ақтардым. Мәлімет көп, әрқайсысы әртүрлі ақпарат береді. Маңыздысын оқып отырып, келісетін тұстарын сызып қойдым. Дегенмен целлофанға дейін тұрғындар тұтынған картон қағаз туралы аз-кем тоқталуды жөн көрдім.

Бала кезімізде анамыз дүкенге жұмсаса сатушы алған азық-түлігімізді қағаз қалтаға салып беретін еді. Көлемі үлкен тауарды жинақы етіп, қағазға орап, ұстауға ыңғайлы етіп байлап беретіні есімізде. Мұндай картон қағазының мол болуы – әрбір облыс орталығында картон комбинаты жұмыс істеуімен байланысты болса керек. Таза табиғи өнімді өндіретін комбинат шикізат ретінде дарияның жағасында өсетін қамысты пайдаланады екен. Бұл жайында сол жылдары комбинатта ұзақ жыл жұмыс істеген Жұпаркүл апайым айтқан болатын. Міне, картоннан тапшылық көрмеген өңірдің қажеттілігін бір ғана комбинат өтеп келді. Ал қазір сол картон комбинатының жұмысы күйреді. Қаншама жұмысшы жұмыс орнынан айырылды. Комбинаттың жұмысы тоқтауымен тұтынушы пайдаланған картон қағаз да көзден бұл-бұл ұшты. Енді халық жаппай түрлі-түсті бояумен әрленген сәнді пакет ұстайтын болды. Өзі ыңғайлы, әрі қол сөмкеңнің ішінде көп орын алмайтын пакетті арнайы сатып алатын болдық.

– Менің анамның қолынан тігін тігу кел­гендіктен үнемі матадан неше түрлі сөмке тігіп беретін еді. Есімде құрбыларым целлофаннан жасалған әдемі пакет ұстайтын болды. Сонда менің анам тапқырлық танытып матаның сыртынан сол целлофанды қосарлап тігіп беретін. Сапалы, әрі сәнді көрінетін. Қазір ертегі сияқты көрінгенмен, мұндай қолдан жасалған сөмкені ұстағандар бұрын көп болатын. Келмеске кеткен заманның жақсы тұстары болғанын мойындауымыз керек, – дейді көп балалы ана М.Қаратаева.

Целлофан қалта өмірімізге қалай келді?

Деректерге сүйенсек целлофанды ойлап тапқан швейцар химигі екен. 1911 жылы матадан жасалған дастархан бетіне жабатын су өткізбейтін целлофанды шығарыпты. Химиялық элементтердің қосындысынан жасалған целлофан өндірісі 1913 жылы Францияда басталған. Арада оншақты жыл өткен соң DuPont деп аталатын компания өндіріс технологиясын сатып алып, өндіріске енгізген. Кеңес Одағы тұсында картон қағаздарын пайдаланған елімізге полиэтилен қалта 1970 жылдары келген. Міне, содан бері полиэтиленді өндіретін орындар көбейген үс­тіне көбеюде.

Пайдасынан зияны көп зат туралы ғалымдардың өзі «бір рет өндіріліп, мың жылдап өмір сүретін синтетикалық полимер» деп бекер айтпаса керек. Полиэтилен пакет жатқан жерінен улы затты бөліп шығара беретін қасиетке ие. Зақымданған жердегі өсімдік те бойына у жинап алады. Ал сол өсімдікті жеген малдың ағзасы да уланбасына кім кепіл?

Жалпы байқасаңыз, целлофан қалта жыртылғанымен, оның шіріп кететін қабілеті жоқ. Қанша жыл өтсе де топырақта сол қалпы жата беретін полиэтиленді ыдыратуға қауқарлы зат әлемде табылған жоқ. Мамандар целлофанды қайта өңдеуге болатынын алға тартады. Оның өзін екі-ақ мәрте өңдеуге болады. Сонан соң ол табиғаттың залалы ретінде зиянкеске айналады. Адамзат ағзасын, табиғат ананы құрсаулаған залалдан құтылудың амалы – оның өндірісін мүлдем тоқтату.

Полиэтиленнен бас тартқан мемлекет

Тіршілік көзін жоюдың алдында тұрған полиэтилен қоқысы жер жаһанды шарлап, мұхиттарды да ластап бітті. Су көзін бітеп, бас көтертпей, көміп жатқан да осы полиэтилен екені де рас. Ресми мәлімет бойынша жыл сайын 6 миллионнан астам тонна полиэтилен қалта мұхиттарға тасталады. Оның салдары теңіз тіршілігінің қырылуына әкелуде. Сондықтан полиэтилен қалтасын қолдануды шектеу немесе бас тарту бірқатар мемлекетте заңмен белгіленген. Мысалы, Еуропаның елдерінде целлофан қалтаны тегін берген дүкен иесіне айыппұл салынады. Ирландия матадан тігілген қалтаны пайдалануға көшкен. Полиэтилен қалтаның Отаны атанған Франция соңғы 5-6 жылдан бері оны мүлдем қолданудан бас тартқан мемлекет. Ресейдің кейбір сауда орындарында полиэтиленнен жасалған қалта пайдаланылмайды. Көршілес өзбектердің өзі осы өнімді тегін таратушыларды заңмен жазалайды.

Қолданыстан қашан шығарамыз?

Қазақстан 2025 жылға қарай полиэтилен қалтадан бас тартатын елге айналады. Енді 4 жылда пайдалануға тыйым салу туралы заң шығатынына қарағанда елімізде осы бір зиянды заттан құтылу оңайға тимейді. Себебі нарықта өз орнын қалыптастырған полиэтилен өнімін өндіретін 50-ден аса компанияның болашақта жұмысын тоқтату арқылы мыңдаған адамды жұмыссыз қалдыру кімге де болса тиімсіз. Дегенмен мәселенің мәнісін тереңнен зерттеп, тыйым салу туралы арнайы заң әзірлейтін Инвестиция­­лар және даму министрлігі бас тартуды бірнеше кезеңмен жүргізуді дұрыс деп санайды. Яғни алдымен тұтынушыға полиэтилен қалтасын тегін ұсынуды тоқтату. Бұл тұрғыда адамдардың қаражатқа сатып алудан гөрі тегін затқа құмар келетінін алға тартады. Сатылатын затты алуға құлықсыз тұтынушыдан сұраныс азайып, бірте-бірте целлофан қалта өндірістен шеттетілмек. Сонан соң полиэтилен қалтаның сатылуына тыйым салу арқылы полиэтиленнен бас тартқан елге айналуымыз мүмкін.

Таза экологиямен – жарқын болашаққа!

Табиғат ананы аялауды үйрету ата-ананың ұрпағының құлағына сіңіруден бас­талады. Қарапайым көше мәдениеті арқылы баласына тәрбие беру – ұлағатты іс. Босаған құтыны немесе қолындағы қоқысқа айналғалы тұрған затты кез келген жерге тас­тай салмай, арнайы жәшікке апарып салуға үйретуге арнайы оқудың қажеті жоқ. Әркімнің жан қалауы жақсылық жасауға асығып тұрса, қоршаған орта лас болмас еді. Адамзат қолымен жасалатын қасірет ең алдымен өзіңе зиянын әкелетінін ұғынып, титтей де болса жақсылық жасауға ұмтылу адамшылық қасиетіміздің жарқын көрінісі екенін ұмытпайық. Экологиясы таза елдің болашағы азаматтығымызға сын болмас үшін айналамызды қоқысқа айналдырмайық!

Бибісара ЖАНӘЛІ 
13 наурыз 2021 ж. 962 0