Партиялық бақылау: тұрғын үй іргетасы қаланды
Аудан орталығынан бөлек ауылдық округтерден де баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін тұрғын үйлер салу жұмыстары қолға алынған. Биыл барлығы 35 тұрғын үй салынып, пайдалануға берілмек. Осы орайда «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының мүшелері құрылыс нысанымен танысты.
Аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов пен партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов бастаған аудандық мәслихат депутаттары Асқар Тоқмағамбетов ауылына барып, іргетасы қаланып жатқан тұрғын үйлерді көрді. Депутаттар мердігер мекеме өкілдерімен, құрылысшылармен кездесіп, өз пікірлерін айтты. Құрылыстың сапалы әрі уақытылы жүргізілу керектігіне назар аударып, пайдаланылып жатқан материалдардың сапасына қатысты ақпараттармен танысты.
Аудандық мәслихат депутаты Е.Жақып пен А.Ибрагимұлы ауыл әкіміне баспана кезегінде тұрған азаматтардың тізімін нақтылап, оны ардагерлер мен қоғамдық кеңес талқысына салу керектігін атап өтті. Сонымен қатар мердігер мекеме өкілдеріне жұмыстың сапасына баса мән беруді тапсырды.
– Партиялық бақылау жұмыстары өз тиімділігін толық дәлелдеген. Біз сайлаушылар алдындағы ортақ міндетімізді әрі партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін партиялық бақылау жұмыстарын жандандырамыз. Бүгін А.Тоқмағамбетов ауылына келіп, мердігер мекеме өкілдерімен пікірлестік. Көкейіміздегі сұрақтарды қойдық. Біздің үйдің қабырғаларын өру жұмыстары басталған кезде тағы да бір келіп, сапаны бақылайтын боламыз, – деді партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Жұмабек Ембергенов.
Балтабай ОРДАБЕКОВ