Аудан әкімі көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысымен танысты
Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев аудан орталығында бой көтеріп жатқан көппәтерлі қос тұрғын үйдің құрылысымен танысты. Мердігер мекеме өкілдерімен пікірлесіп, тұрғын үйлерді аралап көрді.
Тереңөзек кентіндегі 42 пәтерлі №1 және №2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары туралы бас мердігер – «НұрТалап және К» ЖШС-нің директоры Қ.Керейтбаев айтып өтті.
– Тұрғын үйлердің алғашқы кірпіші тамыз айында қаланды. Содан бері қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда алғашқы үйдің екі қабатының кірпіші қаланып, плитасы салынды. Сондай-ақ, ішкі сылақ жұмыстары аяқталды. Ал екінші тұрғын үйдің бірінші қабатының кірпіші қалануда. Көпқабатты тұрғын үйлерді жылдың соңына тапсыруды жоспарлап отырмыз – деді Қанатбек Исабекұлы.
Құрылыс нысандарын аралаған аудан әкімі жұмыстар уақытылы жүргізіліп, сапалы болу керектігін ескертті.
– Тұрғындарды баспанамен қамту – күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмыстарға аса мән береміз. Биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпқабатты қос тұрғын үй бой көтеруде. Бұл құрылыстың сапалы салынуын әркез қадағалап отырмыз. Сондықтан құрылыс жұмыстары жоспарлы жүргізіліп, сапалы іске асырылуы тиіс, – деді аудан басшысы.
Айта кетейік, тұрғын үйлер жобасына 466 млн 195 мың теңге қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстары «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп, жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылуда.