Мәслихат майталманы зейнетке шықты
Дана халқымызда «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген тағылымы мол сөз бар. аудандық мәслихаттың мәжіліс залында Осынау қанатты қағида негізінде аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы Сталбек Тобағұловты құрметті еңбек демалысына шығарып салуға арналған игі іс-шара ұйымдастырылды.
Салтанатты басқосуға облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамов, аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов және аудандық мәслихаттың депутаттары мен ардагерлер қатысты. Басқосудың мәні мен маңызын, зейнет демалысына шығу адам өмірінің айтулы белесі екенін атап өткен аудандық мәслихат хатшысы Е.Әжікенов алғашқы сөз кезегін облыстық мәслихат хатшысы Н.Байқадамовқа ұсынды. Өз кезегінде Наурызбай Сейітқалиұлы саналы ғұмырын Сырдария ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған мемлекеттік қызмет саласының тәжірибелі маманы Сталбек Зікірияұлының есімі аудан халқына етене таныс екеніне тоқталды.
– Еңбек жолын «ПМК-1608» мекемесінде жұмысшы болып бастаған Сталбек Тобағұлов аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының орынбасары, аудан әкімі аппаратының жетекші маманы, кент әкімінің орынбасары, аудандық мәслихаттың аппарат басшысы секілді жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Қарапайымдылық пен сабырлылықтың үлгісін қалыптастырған азамат 2006 жылдан бері аудандық мәслихат аппаратының бөлім басшысы ретінде жемісті еңбек етті. Енді бейнетінің зейнетін көріп, зор абыроймен ардагерлер сапына қосылуда. «Ер – еңбегімен бағалы» деген тәмсілді негізге алар болсақ, азамат үшін еткен еңбегі еленіп, абырой биігінен көрінуден асқан бақыт жоқ деп есептейміз. Әріптесімізге зор денсаулық, отбасына бақ-береке тілейміз, – деген облыстық мәслихат хатшысы облыстық мәслихаттың 33 депутатының атынан игі тілегін жеткізіп, «Алғыс хат» табыстады.
Мұнан соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы сөз сөйлеп, мәслихат аппараты ардагерлерге құрмет көрсетуде үлгі көрсетіп келе жатқанын айтты. С.Тобағұловтың иығына шапан жауып, алдағы уақытта ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі боларына сенім білдірді. Сонымен қатар Е.Ертарғынұлы мерейтой иесіне аудан әкімдігі мен аудандық мәслихаттың «Құрмет грамотасын» табыстады. Іс-шараға қатысушы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі М.Шілдебаев пен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрағасы Ш.Нұрсейітов өз лебіздерін білдірсе, аудандық мәслихат депутаттарының атынан Б.Есназар арнау жырын оқыды. Іс-шара соңында С.Тобағұлов көрсетілген құрмет пен ілтипат үшін әріптестеріне алғысын айтып, еңбекте жеміс пен сәттілік тіледі.
Мерекелі, берекелі айдың шуақты күнінде аудандық мәслихат аппаратында еңбек ететін нәзік жанды аруларға арналған құттықтау салтанаты да ұйымдастырылды. Г.Божан бастаған аудандық мәслихат аппаратының қыз-келіншектеріне сый-сияпат табысталды. Осылайша, мәслихат аппаратының ұжымы көктем мерекесін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ