Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жастар көшбасшылық бойынша дәріс алды

Жастар көшбасшылық бойынша дәріс алды

Ауданымызда төрт күн қатарынан «Көшбасшы бол!» атты жастарды көшбасшылыққа баулитын курс өтті. Курсқа кент және ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі мамандар мен білім мекемелерінен жас мұғалімдер қатысып командада жұмыс жасау, саламатты өмір салтын ұстану, эмоцияны басқару, мақсат қойып және соған жете білуді үйретуге арналған тренинг сабақтармен қатар ауданымызға белгілі тұлғалармен кездесу кеші ұйымдастырылды.

Курстың алғашқы күні «Жасампаз жас басшы» деген атаумен кездесу кеші өтті. Қонақ ретінде Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, аудандық мәслихат депутаты, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы шақырылды. Кездесу кеші барысында жас мамандар тарапынан сұрақтар қойылып, ақын «Жүректегі жазулар» атты жыр жинағынан өлеңдер оқып берді.

Екінші күні үй тапсырмасына сәйкес курсқа қатысушылар «Көшбасшылық қасиет» жөніндегі өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар «Импульс», «Рюкзак» терапевтік тазару жаттығуыларын жасап, әртүрлі ұлт өкілдерінің би сайысы, «Ручканың қасиеті», «Өрмекші өрнегі» жеке және топтық ойындары ойнатылып, «Танымал тұлғамен кездесу» айдары аясында Сыр өңірінің мақтанышына айналған «Сырдария» тобы мен жергілікті сазгер Махмуд Сақтапов келіп жастардың сұрақтарына жауап берді. Қонақкәде ретінде Құрмаш Маханның «Адам боп жаралған соң», «Музарт» тобының «Жайлаукөл кештері» әндерін орындады.

«Көшбасшы бол!» курсының үшінші күні «Сырдария аудандық дене шынықтыру және спорт» бөлімінің қолдауымен, «Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен денсаулықты жақсартып, саламатты өмір салтын ұстануға және спорттық шеберлікті арттыруға арналды. Жарыс спорттық сауықтыру кешенінде өтіп, жастар волейболдан сайысқа түсті. Жарыс қорытындысына сәйкес, бірінші орынды «Тәтті» тобы қанжығаласа, екінші орынды «Өзіміз білеміз!» құрамасы иемденді. Үшінші және төртінші орынды «Қыран» және «Лидер» топтары өзара бөлісті. Кездесу кешінің қонағы ретінде №210 орта мектептің түлегі, тоғызқұмалақтан «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері», ҚР Ұлттық Құрама мүшесі Ақерке Кенжебекова шақырылды. Жастайынан спортты жанына серік еткен ару жетістікке жетудегі құпияларымен бөлісіп, осы күнгі жеткен жетістігі үшін ұстазы Хакімжан Елеусіновке алғысын білдірді.

Курстың соңғы күні жастар өз ойларын ортаға салып, жаңа ортаның дамуға тигізер әсерін айтып, алғысын білдірді. «Көшбасшы бол!» атты төрт күндік курс өз мәресіне жетіп, жастарға сертификат және арнайы номинация­­лар табысталды. Курстың қатысушысы №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейдің «Педагог-психолог» маманы Нұршат Сайфуддинова:

– Ауданымызда осындай жобаның іске асып жатқаны көңіл қуантады. Курсқа қатысу арқылы көшбасшылық қабілетімді дамытып, білімімді арттыра түстім. Түрлі салада өзімді байқап көруге де мүмкіндік болды.Ұйымдастырушыларға алғыс айта отырып, осындай ерекше іс-шаралар жиі өткізілсе нұр үстіне нұр болар еді, – дейді.


Жұлдызай АНШАЕВА 
16 ақпан 2021 ж. 398 0