Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жол картасы таныстырылды

Жол картасы таныстырылды

Аудандық мәслихаттағы «Nur Otan» партиясы депутаттық фракциясының кезекті отырысы өткізілді. Отырысқа депутаттардан бөлек, аудан әкімі, партияның аудандық филиалының төрағасы Т.Дүйсебаев қатысты.

Фракция отырысында «Nur Otan» партиясының Сырдария ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы таныстырылып, бюро отырысында бекітуге жіберілді. Фракция жетекшісі Е.Жақып алты негізгі бағыттан тұратын жоспарды депутаттарға түсіндірді. Іс-шараның атауы, өлшем бірлігі, жылдар бойынша орындалу мерзімі, жауапты өкілетті органның атауы және мәслихат тарапынан жетекшілік ететін депутаттардың бөлінісін жария етті.

Аудан әкімі Жол картасының маңыздылығына назар аударып, жоспарлы жұмыстарды уақытылы әрі сапалы іске асыру қажеттігін жеткізді. Жол картасы сайлауалды бағдарламада көрсетілген бағыттар бойынша әзірленгенін атап өтті. Өз кезегінде фракция мүшелері бекіту үшін бюроға жіберілген жол картасын жүзеге асыруға атқарушы органдармен бірлесе еңбек ететіндерін және жоспарлы жұмыстардың маңыздылығына орай фракция отырысын тоқсанына кемінде бір рет өткізу қажеттігін айтты.

Негізінен жол каратасы 7 бағыттан қамтитын 86 іс-шарадан тұрады.  Бірінші бағыт бойынша «Экономикалық тұрақты аудан» аясында 4 кәсіпкерлік нысанды іске қосу, 3 мың га жерді кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланған. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы саласында 12 инвест жобалар жүзеге асырылады. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жыл сайын шағын және орта кәсіпкерліктің 200-ден астам жобалары іске асыру жоспарлануда. «Жайлы аудан» екінші бағыты аясында 5 жыл ішінде 72 пәтер және 37 жеке тұрғын үй пайдалануға беріледі деп күтілуде. Аталған бағыт бойынша жүйелі жүйелі жұмыстар атқарылады.

Үшінші – «Әлеуметке бағдарланған аудан» бағыты аясында 2 денсаулық сақтау нысаны құрылысы және 3 мектепті күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 3 мектеп базасында инклюзивтік білім беруге жағдай жасалады.

Спорт саласы бойынша Тереңөзек кентінде балалар-жасөспірімдер мектебінің алаңына жаттығу және стритбол алаңының құрылыстары, 11 спорт алаңын күрделі жөндеу бойынша жұмыстары қамтылады. Ал төртінші – «Жастарға арналған аудан» бағыты аясында 1200 жас тұрақты жұмыспен қамтылады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 550 жас маманды ауылға тұрақтандыру үшін жағдай жасалады. Жыл сайын 7 жасқа грант ұсына отырып, өз бизнесін бастауға көмек көрсетіледі. Бесінші бағыт – «Тарих пен мәдениетті дамыту» шеңберінде Қышқала қалашығына, Шіркейлі ауылындағы Қос асар, Айдарлы ауылындағы Асанас қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары және Шіркейлі ауылындағы Қос асар қалашығының туристік инфрақұрлымын дамыту жұмыстарын жүргізу көзделген. Алтыншы – «Ашық және есеп беретін жергілікті органдар» бағыты аясында кәсіпкерлердің онлайн бақылау-кассалық аппараттарын қолдануды максималды түрде деректерді тіркеу жәнеберу функциясы бар бақылау-касса машиналарымен жарақтандыруына қол жеткізу көзделген.

Жетінші бағыт - «Қауіпсіз аудан» аясында Сырдария ауданында 9 көшені жарықтандыру және 8 бейне бақылау камерасын елді-мекендерде орнату қарастырылған.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ 
10 ақпан 2021 ж. 520 0