Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тәуелсіздік түлеткен ауылдар

Тәуелсіздік түлеткен ауылдар

«Елден не хабар?» дейтін қалалықтардың ауылға бүйірі бұрып тұрары анық. Ауыл – ұлт құндылықтары тоғысқан алтын бесік. Салт пен дәстүрдің түпкі темірқазығы осында. Береке мен байлықтың бастауы да ауылда. Төрт түлігін түлетіп, егінін өсіріп, шаруасын шайқалтпаған ауылдың ажарын айтсақ дейміз. Тәуелсіздік алып, төрт құбыламыз түгенделгелі Сыр өңіріндегі бүтін бір елдің асыраушысы, қайнаған еңбек пен ұлттық руханияттың қайнар көзіндей болған ауылдарға шолу жасаймыз.

Нарықтық экономикаға кө­шу, егемендіктің алғашқы жылдарында тауар тапшылығы мен халықтың тұрмыс дең­гейінің күрт төмендеген кездің өзінде-ақ елімізде отандық кәсіпкерліктің негізі қаланды.

Бүгінде шалғайдағы елді ме­кендерде шағын цехтар жұ­мыс жасап, өз өнімдерімен тұтынушысын сүйсіндіріп жүр. Ірі кәсіпорындардан бөлек, мұндай шағын шаруашылықтар да мемлекеттен қолдау алған. Ауылдағы кәсіпкерлер үшін жасалып отырған мұндай жағ­дай өз кезегінде жергілікті ха­лықтың жұмыссыздық мәсе­лесін оңынан шешіп, тұрмысын көтеріп-ақ келеді.
Ел әлеуетінің жақсаруында кәсіпкерлік саласының алатын орны ерекше. Бір ғана мысал, Сырдария ауданындағы Нағи Ілиясов атындағы ауыл. Бүгінде республикаға аты шыққан ел­дің көркейіп-гүлденуіне ауыл шаруашылығы саласы әсер етті. Белгілі кәсіпкер, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевтің мұрындық болуымен ауыл түр­леніп сала берді. Айта кетсек, осы Сырдариядағы барлық ел­ді мекендердің клубы толық жаңарып, кейбірі қайта салын­ды. Одан бөлек, мұндағы ауыл­дардың барлығы таза ауызсу тұтынып отыр.

Қош, біз жоғарыда Нағидай нақышты ауылды мысал етіп қана алдық. Оған жетеқабыл тіршілігі бар ауылдар соңғы жылдары тіпті молайды. Сө­зіміз дәлелді болсын, Жаңа­қорғандағы Аққорған ауылдық округі – егемендікпен бірге еңсе тіктеген ауыл. 5 мыңнан астам халқы бар мұнда соңғы үш жылда спорт кешені, 90 орындық балабақша, 300 орын­дық мектеп салынып, тү­­гелдей жаңарды. Кеңестік ке­зең­де тұқым дайындау ша­руа­шылығы болып құрыл­ған округтің тағы бір жаңа­лығы – олим­пиадалық спорт мектебінің жұмысы. Облыс­тағы үш үздік спорт мектебінің қатарына кірген бұл мектеп жалғыз Жаңақорғанды емес, аймақты алға шығаратын спорт­шыларды дайындайды.

Жаңақорған демекші, ау­данға қарасты Бірлік дейтін ел бар. Мал шаруашылығымен ай­налысады. Былтыр мұнда жа­ңа дәрігерлік амбулатория, биыл мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сәулетті спорт кешені ашылды. Қазір 90 орындық «Қызғалдақ» ба­ла­бақшасын салуды қолға ал­ған. Ауылға барар және ішкі жолдары тақтайдай тегіс. Айт­пақшы, мұнда келесі жылы та­биғи газ тартылмақшы.

Бірін айтып келе жатып, бірі еске түседі. Бірлікке барар газдан туған мақаламыздың же­тегі батыс аудандардағы жұ­мыстарды еске түсіреді. Биыл Аралдағы Жақсықылыш кенті мен Қазалыдағы Ғ.Мұратбаев ауылына көгілдір отынның тар­тылуы жақсы жаңалық болды. Әйтпесе, бұған дейін, ауыл түгілі аудан орталықтары да газ көрмепті. Соңғы үш жылдың ішінде Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарына тар­тыл­ған газ желісінің пайдасы сол, сондағы жақын ауылдар да мұның игілігін біртіндеп кө­ріп жатыр.

Сонау кеңестік кезеңнен қиындық тудырған көпір мә­селесі өткен жылы шешілді. Бұл жерде Қазалы ауданындағы «Әлсейіт» қалқымалы көпірін айтып отырмыз. Былтыр жер­гілікті халықты қуанышқа бө­леп, пайдалануға берілген Әлсейіт учаскесіндегі темір-бетон көпірі арқылы бүгінде қатынас жақсарған. Сырдария өзені арқылы өтетін көпір екі жолақтан тұрады. Жалпы ұзындығы 219, ал ені 12 метр. Екі жағынан жаяу жүргіншілер жолы қарастырылған. Күз бен көктемгі сең жүруде қиындық тудырған Әлсейіт өткеліндегі жаңа көпір Қазалы ауданының 7, Арал ауданының 6 елді мекеніндегі 14 мыңнан астам халыққа қызмет етіп келеді.

Екіншіден, Қызылқұмда жат­қан Кәукей ауылындағы жол азабы шешілді. Қазалы­дан шалғайда, дұрысы 110 ша­­қырым қашықтағы ауыл­дық округке дейін жол қаты­насы жақсарған. Жөн­деу жұмыстары барлығы 2 миллиард теңгеден астам қар­жыға кезең-кезе­ңі­мен іске асып жатыр. Респуб­ликалық бюджеттен қаржы бө­лініп, 1978 жылдан бері жөндеу көр­меген автожол күрделі жөн­деуден өтуде.

Журналистік жолжазба­мыз­да Еңбек ауылына тоқталып едік. Жалағаш ауданында Ша­кизатхан Искаков төрағалық ететін  шаруашылық бар. Бір адам ұйымдастыра білген жұ­мыс нәтижесі сол ауылды жайнатып-ақ жіберді.

Иә, осы шаруашылық ауыл­дағы ағайынның ойы­нан шығып-ақ тұр. Бір қуан­ғанымыз, төраға өз қаржы­сы­нан ауыл орталығына 200 орындық мейрамхана мен ша­ғын маркет салып, 9 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтыған. Ауыл ардагерлерін курортқа жіберіп, «Мектепке  жол»  қа­йырымдылық акциясы аясында оқушыларға оқу құралдары, мектеп формасы және спорттық киімдерін алып берген де осы серіктестік еді. Оқу жылын үздік аяқтаған бастауыш сы­ныптың шәкірттеріне де бір-бір велосипед тарту еткенін кім естіпті бұл төңіректе?!

Шыны керек, «Еңбек Жер» ЖШС жеке қаражаты есебінен ауылға көрік беретін көшелерді асфальттау, жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарын жүр­­гізді. Спорттық шаралар мен мерекелерде тұрақты де­меуші. Ең бастысы, Шахи­затхан Искаков егінші қауым­ның үздіктеріне көлік мінгізіп, кейбіріне баспана салып бе­ріпті. Туған ауылға болсын дейтін азаматтың бұл ісіне «бә­рекелді» дейсің.

Жолсапарды ақтарып оты­рып Шиеліге келсек. Расымен, шиеліліктер еңбексүйгіш жұрт. Содан болар, бұл елде бей­біт күннің батырларының көп­ болуы. Бір мысал, осын­дағы шағын ауыл Ақмая-Аван­гард­тың өзінен 16 Еңбек Ері шық­қан. Ал Шиеліден 40 адам маңдай терін төгіп, Со­циа­листік Еңбек Ері атанған.  Ыбырай Жақаев атамыздың өзі қара кетпенін құлаштай сермеп, осы марапатты екі рет иеленген. Жергілікті халықтың «бізде 40 емес, 41 батыр» дей­тін себебі де осы.

Ақмая деп қалдық. Тә­уел­сіздік жылдары түле­ген ауылдың бірі осы. Шиелі­ден шығып, осы ауылға ба­рар болсаңыз, 15 шақырым тақ­тайдай тегіс жол. Салын­ғанына он жыл болыпты. Мердігер мекеменің жауаптылығы бо­лар, сапасы дұрыс, әлі сыр бер­ген емес.

Бүгінде Ақмая түрлене бас­таған. Көше жолдары жақ­сы, интернеті жылдам. Әлеу­меттік нысандар – мектеп, ба­лабақша, медпункт, спорт кешені, мәдениет үйі жұмыс істеуде. Шаруашылық иелері тұрғындарды жұмыспен қам­тып, жергіліктің халықтың кө­бісі сонда. Жыл сайын қырман толы дән. Бұрыннан мал және егін шаруашылығын қатар алып жүрген ақмаялықтардың арасында қазақы қойдың санын өсірем деп құлшынып отырғандар көп. Бақуатты бір жұрт болса, осы ауыл шығар. Айтпақшы, Ақмаяға да келер жылы газ келеді.

Дүркірей дамыған ауыл­дың бірі – Дүр Оңғар. Ке­ңестік дәуірде бұл жерде бес майда шаруашылық колхоз бо­лып бірігіпті. Сол бірік­кен шаруашылық әлі күнге дейін іргесін бұзбай келеді. Тіпті, тоқырау кезінде өзге ауылдағы егін не мал шаруа­шылығы тарамдала бөлініп, жекеге өткенде мұндағы тұ­тастық сақталып қалған. «Жа­ңажол» деп аталған серік­тестік облыстағы ең үздік шаруа­шы­лықтың қатарында.

Ауыл еңбеккерлері биыл тағы тамаша жетістікпен жи­ын-терімді аяқтады. 3 мың гектарға жуық күріш еккен. Орта есеппен гектарына 70 центнерден өнім алды. Одан басқа, 100 гектар бидай, бес гектар картоп, 1200 гектарға жуық жоңышқасы бар. Егінді әртараптандыру үдесінен де шығып келеді. Ол мақсатта 70 гектар соя, 2 гектар көкөніс, 4 гектар алма бағы егілген. Айтпақшы, бақ демекші, келер жылы Жаңажолдың алмасы нарыққа шығады деген сенім бар.

Бір кездері ауылдағы әр отбасы 25 тал егуге мін­дет­телген. Тазалықты өз ау­ла­сынан бастайтын Дүр Оңғар­дың тұрғындары ерте­ден келе жатқан тәртіп сабақ­тастығын әлі бұзбай келеді «Жаңажол» ЖШС ауыл ішіне әуенді су­бұрқақ, тамаша аллея, сауда орындарын салып жатыр. Ша­руашылық бұған 200 млн теңгедей қаржы қарастырыпты. Ал келер жылы дәл осында спорт кешені салынады.

Мұнда басқа ауылдан кө­шіп келіп жатқандар бар. Жас­тар жұмыссыздығы деген жоқ. Үздіктерге жылда көлік мін­гізіп, қомақты ақшалай сый­лықпен марапаттайды. Осы­­лайша диқан ауыл ауыз­бір­шіліктің ең биік нүктесінде тұр.

Кәсібін дөңгелентіп, же­ңіл өнеркәсіпке қол созған ауыл­дың бірі – Қармақшыдағы Тұрмағамбет елді мекені. Ша­ғын ауылда құрылысқа қажетті торлы сым тоқитын және макарон өнімдерін шығаратын цех жұмыс істейді. Тамақ өнімін жандандыруды қолға алған ауылдықтар макаронның 5 түрін шығара бастады.

Жеңіл өнеркәсіп демек­ші, Аралдағы теңіз жағалай жат­қан көп ауыл балық шаруа­шылығымен айналысады. Ба­лықты жай ғана судан сүзбей, оны өңдейтін цехтар бар. Біз Қосжар, Қарашалаң, Бөген, Ақ­басты сияқты алыстағы ауыл­дардың өнімі шетел асып жат­қанын баса айтуымыз керек. Кіші теңіздің қайта оралып, су көлемінің көбеюі, балық шаруашылығының өркендеп, өңір экономикасының дамуы­на, халықтың әлеуеті артуына жағдай жасады. Бұрын теңізде, су айдындарында жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайта көріне бастады, тіпті көптеп кездеседі десек, артық айтпаспыз. Ал балықтың 22 түрін аулап, сыртқы экспортқа жөнелтуде қыруар жұмыс жүріп тұр.

Сөз жоқ, Арал десе, көз ал­дыңа балық пен тұздың ке­­летіні анық. Сонымен бірге, жергілікті жұрт мал шаруашылығымен де айна­лысып келеді. Әсіресе, қыр беттегі ауылдардың тірші­лігі малмен байланысты. Ел мерейін асқақтатқан Тә­уел­сіздікке биыл 29 жыл. Осы уақытта Сыр өңірі сәулетті, дәулетті, ырысы мен ынтымағы жарасқан елге айналды. Біз айтып өткен, Тәуелсіздік жыл­дарында өсіп-өркендеудің өне­гелі жолына түскен мұндай ауылдар уақыт өткен сайын көркейіп келеді.

13 желтоқсан 2020 ж. 285 0