Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Шаруасы ширақ серіктестік

Шаруасы ширақ серіктестік

Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов ауылындағы іргелі шаруашылық «Мағжан және К» ЖШС жұмысы жанданып, толағай табыстарға қол жеткізуде. Егін даласында еңбегімен танылған диқандар осы жылы 5100 гектар жерге Сыр салысын егіп, одан 63,5 центнерден өнім жинады. Білікті басшы, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев басқаратын серіктестіктің серпінді жұмысы игілікті істің бастауына айналған. Батыр атындағы ауылдың тыныс-тіршілігіне қан жүгіртіп, әлеуметтік тұрмысын жақсарту күн тәртібінен түспей келеді.

«Мағжан және К» ЖШС біртұтас шаруашылығы­ның жетістікке жету жолындағы мақсат-міндеті айқын. Ауыл инвесторы «Қазақстанның Еңбек Ері» Абзал Ералиев келешегі зор тың жобаларға иек артты. Соның нәтижесінде 2008 жылдан бастап ауылды жандандыру қолға алына бастады. Әлеуметтік нысандар күрделі жөндеуден өтіп, кейбірі қайта салынды. Қазіргі таңда ауылдағы мектеп, емхана, мешіт, мәдениет, ауыл әкімдігі, балабақша, спорт кешені, сауда орталығы занамауи бағытта жұмыс жасап келеді. Көркейту-көгалдандыру жұмысы қарқын алып, ауыл ажары айшықтала түсті. 2011 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ауылға келген сапары барысында «Барлық ауыл Нағидай болсын» деп жоғары бағасын берген болатын.

– Біздің ауылымыздың тарихы тереңде жатыр. Өткен ғасырдан бастап, Сыр саласын тұрақты егіп келеміз. Шаруалардың еңбегі орасан зор. Еңбек маусымында шаруалар егістік басынан табылады. Бұл жерде Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов, Социалистік Еңбек Ері Алдаберген Бисенов пен Күләнда Әбдіраманованың қолтаңбасы қалған. Бүгінде серіктестікке қарасты барлық құрылым жаңарды. Шаруашылыққа қарасты қырман мен зауыттар күрделі жөндеуден өтті, – дейді ауылдық қоғамдық кеңес төрағасы Нұрмағанбет Қуандықов.


Бүгінде «Мағжан және К» ЖШС-інде 380 адам жұмыс істейді. Жыл сайын жоспар бойынша 40-50 миллион теңгеге жуық қаржы ауылды абаттандыруға жұмсалады. Серіктестік тарапынан үш бригада бойынша көркейту-көгалдандыру жұмысына ауыл азаматтары тартылған. Сонымен бірге, ауылдағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға тиісті көмек көрсетіліп келеді. Пандемия уақытында ауыл емханасына қаржылай кө­мек көрсетіліп, екі маман жұмыспен қамтылды. Тегін дәрі-дәрмек беріп, науқастарды тасымал­дауға арнайы автокөлік бөлінді. Ал, аудандық ауруханаға өкпені жасанды желдету аппаратын (ИВЛ) алып берілді.


– Биылғы еңбек маусымында дала дүбірін қыздыра білдік. Жалпы шаруашылық қарамағында 10 бригада бар. Маусымында диқандар қосымша қаражат алып, үздіктеріміз марапатталады. Қазақта «Баптай білсең, жер жомарт, бағалай білсең ер жомарт» деген тәмсіл бар. Төтенше жағдай кезеңінде ауыл халқына барынша қолдау көрсетілді. 400 отбасына 2 тоннадан көмір түсіріп берілді. 450 отбасына 200 дана жоңышқа, шөп преспен көмектесе білдік. Ал шаңырағында ер азаматы жоқ жандарға отынмен қамтамасыз ету жолға қойылған. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындарға 2 тонна күрмек жем табысталды. Ауыл тұрғындарының ұсынысы негізінде елді мекен маңынан 5 шақырым қашықтықты құрайтын су арнасы қазылды. Мал жайылымдық шабындық жерлер мен бақшалық жерге қажетті аяқ су аталған арна арқылы қамтамасыз етіліп отыр, – дейді «Мағжан және К» ЖШС төрағасы Дархан Жұмашұлы.


Еңбек маусымының қорытындысында Төлеп­берген Қалиев 450 гектардан 76,7 центнер өнім жинап, «Озат бригадир» атанды. Ал, Беркінбай Ембергенов пен Шухрат Бизақ екінші, үшінші межеге табан тіреді. 34 гектардан 82,2 центнер өнім алған Бақытжан Сыздықов «Озат күрішші» атанса, Мұрат Жақсыбаев пен Бауыржан Ақбергенов үздіктер қатарынан көрінді. «ХТЗ» тракторын тізгіндейтін Мейрамбек Алматов 27660 центнер Сыр салысын тасымалдап, «Озат тасымалдаушы» болса, Асанбай Тілеубергенов пен Асылхан Ахметов кейінгі орындарға жайғасты. «Озат комбайнер» атағына биыл Азамат Құрақбаев қол жеткізді. Ол 32425 центнер өнімді дер кезінде ора білді. Серік Башаров пен Ерлан Әли де үздік нәтиже көрсетті. Еңбегі ерен Жәнібек Мырзабеков «Озат жаткист» атанып, әріптестері Мейрамбек Олинов пен Алмат Мұратовпен бірге үздіктер қатарын толықтырды.


Айта кету керек, «Мағжан және К» ЖШС өз қаражаты есебінен биыл жаңадан 2 дана «Сlass Lexion» комбайн, 2 дана «Магдон» жаткасы, 2 дана «Сlass Lexion» және «МТЗ-80» тракторы алынды. Алдағы уақытта үздіктерді марапаттау рәсімі өткізіліп, келер жылға дайындық барысы пысықталады.
Балтабай ОРДАБЕКОВ



24 қараша 2020 ж. 448 0