Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Үркер» Ұлттық сыйлығының жүлдегері туған жерінде

«Үркер» Ұлттық сыйлығының жүлдегері туған жерінде

Қармақшы ауданының әкімі Мұса Қалдарбеков «Үркер» Ұлттық сыйлығының жүлдегері «Kyzylorda-news.kz» ақпараттық агенттігінің бас редакторы Нұрсұлтан Мықтыбаевты қабылдады.

Биылғы жылы бұл шара айрықша маңызға ие болып, «Үркер – 2020» сыйлығы 11 номинация бойынша табысталды. Сонымен бірге байқауда Шерхан Мұртаза атындағы жаңа номинацияда енгізіліпті. Аталған байқау жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған радио, баспа және интернет-журналистика саласының үздіктерін анықтады.

«Кіндік қаныңыз тамған қармақшылық жерлестеріңіз өзіңізді қай кезеңде де мақтаныш етеді. Сіздің еселі еңбектеріңіз үшін үлкен алғысымды білдіремін. Алдағы уақытта да қоғамымызды нығайтып, өлкеміздің өсіп-өркендеуіне ерекше үлес қоса береді деген сенімдемін. Өзіңізге мықты денсаулық зор шығармашылық табыс тілеймін»- деді аудан әкімі.

Қаламгер қазіргі таңда «Сыр медиа» серіктестігіне қарасты «Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің бас редакторы қызметін атқарып келеді.

Кездесу соңында аудан басшысы арнайы алғыс хат табыстап сый-сияпат көрсетті. Өз кезегінде майталман журналист ризашылығын білдіріп, өңірдің дамуы үшін бар күш жігерін салатынын жеткізді.

Нұрсұлтан Ертуғанұлы Жосалы кентіндегі Ү.Томанов атындағы №183 орта мектептің түлегі. Аудан әкімінің қабылдауынан соң өзі түлеп ұшқан мектепке арнайы барып, білім берген ұстаздарына алғысын айтты. Осы мектептен тәлім алғанын қай жерде жүрсе де мақтанышпен айта жүретінін жеткізді.
25 қараша 2020 ж. 210 0