Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Той тойлайтын уақыт емес

Той тойлайтын уақыт емес

Пандемия уақытында шектеу шаралары қатаң бақылауға алынғаны бел­гілі. Әлем назарын аудартқан қауіпті індетке байланысты барлық облыста санитарлық талап күшейтілді. дегенмен, Карантин талаптарына бағынбай той-томалақ өткізу оқиғалары кездесуде. осы ретте, сала мамандары Жиын-тойлардың жиі ұйымдастырылуының салдарынан эпидемиологиялық ахуа­лдың шиленісетінін айтып, дабыл қағуда. сондықтан Вирусты өмірімізден біржолата алыстату үшін қатаң тәртіпке бағынғанымыз абзал. осыған орай газетіміздің бүгінгі нөміріне қауіпті індетпен күресіп жүрген сала мамандарының пікірін жариялауды жөн көрдік.

Ербол ЖАНАЛИЕВ,
аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары:

– Коронавирус індетімен күрес бір сәтке де тоқтаған емес. Тіпті, күнделікті жұмысымыз атқарылған және атқарылу тиіс жұмыстарды пысықтаудан басталады десем артық айтқан­дық болмас. Тәртіпке бағыну жөнінде аудан халқына түсіндірме жұмыстары да кеңінен жүр­­гізілуде.
Ау­дан­­дық по­лиция бөлімінің қызметкерлері қо­ғам­­­дық тәртіпті бас­ты назарда ұстап келеді. Бірақ, жергілікті халық арасында індетпен күресте немқұрайлық таныт­қандар жиі кездесуде. Тиісті орган және аудан әкімдігі тарапынан рейд шарасы апта сайын ұйымдастырылуда. Сонымен бірге, той-тоймалақ, мерекелік жиын­­дарға бақылау жүргізіледі. Карантин ере­желері сақталмаған жағдайда той ие­лерінен түсініктеме алынып, айыппұл салынуда. Сот арқылы айыппұл төлегендер де бар.
Айта кету керек, тұрғындар арасында «Айып­пұл төлеп, той өткізуге болады» деген кері ұғым қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Жалпы, аудан аумағындағы ахуал бөлім бас­тығының тікелей назарында.

Жанар НҰРСҰЛТАНОВА,
аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін ба­­­­қы­­лау басқармасының бөлім басшысы:

– Карантин кезінде талапқа бағынбай той-томалақ жасаған 54 азаматқа айыппұл салынды. Бұл сала мамандары анықтаған жағдайлар. Ал, жасырын түрде той-томалақ өткізіп, мамандар назарына ілікпей қалғандардың бар екені жа­сырын емес.
Басқарма тарапынан қауіпті індетті болдырмау мен алдын алу бағытында жоспар бекітілген. Басқарма басшысының қатысуымен және жауапты мекеме қызметкерлерінің атсалысуымен мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді. Барлық дүкен иелеріне ескертпе хат және кеңес берілген. Бірақ, сол кеңеске құлақ асып, талапты бұлжытпай орындайтындар аз. Тәртіпке немқұрайлы қарайтындардың ісі қа­таң қаралып, сотқа жолдануда. Жоғарыда аталған 54 азаматқа қатысты қабылданған шешім соның бір дәлелі.
Өкілетті органдар тарапынан айтылған ескерту шараларына қарамастан әлі де той жасайтын халықтың қарасы көп. Эпиде­мио­логиялық ахуалды тұрақтандыру үшін сала мамандарына бірнеше нақты міндет жүктелген. Сол міндеттерді орындау үшін той болып жатқан үйге барған арнайы топ мүшелеріне қарсы шығатындар кездеседі. Осы орайда, «Сovid-19» инфекциясының нақтыланған жағдайы 183-і құрап отырғанын айта кетуіміз керек. Одан әрі жағдайды ушықтырмас үшін мерекелік және жиын-тойларға тоқтау салған дұрыс.

Гүлзат ТЫНЫШТЫҚБАЕВА,
дәрігер:

– Қауіпті індетпен күндіз-түні күрескен күндер әлі ұмытыла қойған жоқ. Провизорлық бөлімшеде әріптестерімізбен бірге табанды қызмет атқардық. Күн сайын бірнеше науқас бөлімшеге түсіп жатты. Дертіне дауа іздеген жанға көмектесу бізге зор жа­уапкершілік жүктеді.
Бір адам өмір мен өлім арасындағы арпалыста жатқанда, келесі бір адамның тәртіпке бағынбай той тойлап жүргенін көруден асқан қиын нәрсе жоқ. Себебі, біз көп науқастың індет салдарынан қатты қиналғанын көзімізбен көрдік. Ақ халатты абзал жандардың қаншама күні ұйқысыз өтті. Тіпті, отбасына оралмай кеткендер де бар. Мен денсаулық сақтау саласының маманы ретінде санитарлық тазалықты сақтауға шақырамын. Карантин талабын орындау өзіміз үшін, өзгелер үшін аса маңызды.


Б.ОРДАБЕКОВ
07 қараша 2020 ж. 641 0