Бетперде қауіптен сақтайды
Елімізде қауіпті індетке қарсы сақтық шаралары күшейтілуде. Бұл індетті кез келген адам жұқтырып алуы ықтимал екенін ескерсек, әрбір тұрғын сақтық шараларын қатаң сақтауы тиіс. Бұл ретте адамға бетперденің тигізер көмегі көп.
Вирус әуелі тыныс алу жолдары шырышты қабатын зақымдайды. Содан соң өкпеге түсіп, денсаулыққа зиян тигізеді. Сондықтан жұқпалы індет жедел тарап жатқанда бетперде тағып жүру өте маңызды.
Бетперденің бірнеше түрі бар. Қарапайым медициналық маскалар жөтелгенде немесе түшкіргенде вирустың басқаларға жұқпауына көмектеседі. Бірақ қарапайым бетперде шамамен екі сағаттан соң суланып, онда вирустар мен бактериялар өздігінен көбейе бастайды. Сол үшін кемінде екі сағат сайын масканы ауыстырған жөн және бетперде таққан уақытта оны қолмен ұстамаған дұрыс.
Дәріханалардағы медициналық масканы бір рет қана пайдалануға болады. Дегенмен қазіргідей тапшылық уақытта антисептикке салып қойып 3-4 рет қолдануға болады. Сондай-ақ бетпердені әркім өзі жасап алуына да мүмкіндік бар. Ол үшін дәкені 4 қабаттап, арасына мақта салып, жиектеп тігіп, оны да бірнеше рет қолдануға болады.
Ал мүмкіндік болып жатса қауіпті кеселден сақтану үшін респираторларды пайдаланған абзал. Бұл бетпердеге қарағанда сырттан келетін қауіптен едәуір деңгейде қорғай алады.
Түптеп келгенде, осындай қауіпті кезеңде әркім өзі үшін сақтық шараларын жасау қажет. Бұған немқұрайлы қарамай, бетперде тағып, медициналық қолғап киіп, антисептик қолданғаны жөн. «Сақтансаң, сақтайды» деген емес пе?!
Фатима МАРАТҚЫЗЫ