Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Босаңсуға болмайды!

Босаңсуға болмайды!

«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» деген бабаларымыздан қалған нақыл сөз бар. Бірақ, осы сөзге көбіне мән бермейтініміз жасырын емес. Қауіпті індеттің құрығынан шыға алмай, қиналып қалғанымыз да сол бейқамдығымыздың нәтижесі екені анық. Әйтпесе, ел-жұртқа сақтық шараларын ұстану жөнінде үгіт-насихат жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді емес пе?!..

Кеше Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев карантин талаптарын сақтау және салалық министрліктің ұстанымдарын орындау жөнінде кезекті үндеуін жариялады. Бұл Мемлекет басшысының болуы мүмкін екінші толқыннан сақтану жөніндегі ескертуі ғана емес, жанашырлығы деп қабылдауымыз қажет. Осы ретте, денсаулықтың аманат екенін, сол аманқа қиянат жасап, өзімізге де, өзгеге де зиянымызды тигізбеуіміз керек екеніне тағы да тоқталмақпыз.

Карантин талабы көп нәрсені талап етпейді. Адам көп шоғырланатын ортаға бармауыңыз керек және бетперде киіп, арақашықтық сақтап араласуыңыз қажет. Бұл әркімнің қолынан келетін іс. Бірақ, осыған да мән бермей, кейін науқастанып қалсақ, себебін өзгеден іздейтіндер көбейіп бара жатыр. Бейқамдығыңыздың салдарынан жазылсаңыз жақсы, ал жазылмасаңыз орны толмас өкініш. Осыдан екі ай бұрын коронавирус індетіне шалдығып, дәрігерлердің көмегімен жазылып шыққан тереңөзектік азаматтың өмірін мысал ретінде айтуға болады.

– Короновирустық инфекцияны жұқтырамын деп ешқашан ойлаған жоқпын. Тіпті, ішімде «бұл дерт қолдан жасалған» деген жаңсақ ой болатын. Телеарналар мен газеттердегі үгіт-насихатқа да мән берген емеспін. Кейін дәм сезбей, иіс сезбей, тоңып, мазам кетіп ауырғанда, індеттің бар екенін сездім. Қатты қиналдым. Өмір мен өлім арасындағы арпалыстан аман алып шыққан дәрігерлерге алғыс айтамын. Қазір таныстарымның барлығын карантин талабын ұстануға шақырып келемін. Денсаулықтан асқан байлық жоқ екен, – дейді ол.

Карантин талаптарын сақтау жөніндегі тапсырмалардың орындалуын қадағалау – аудан әкімінің тікелей назарында. Аудан басшысы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында да тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға шақырып келеді. Сондай-ақ тиісті сала басшыларына нақты тапсырма берілген. Оның ішінде жасырын өткізіліп жатқан той-томалақтарға қатысты той иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту да бар.

Айыппұл төлеу – абырой емес. «Той тойлаймын» деп дерттің таралуына жол ашып, соңы қазаға ұласса өшпес өкініш орын алмақ. Сондықтан әр азамат жеке жауапкершілік танытуы керек. Пайдаңызды тигізе алмасаңыз, зияныңызды тигізбеңіз деп айтуға да болады.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
 

01 қараша 2020 ж. 559 0