Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жұлдызы жанған жұмақ мекен

Жұлдызы жанған жұмақ мекен

Кеңес Одағының батыры Нағи Ілиясов атындағы ауылдың республикаға танымал елді мекен екені бүгінде бүкіл елге әйгілі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2011 жылы тамыз айының соңында жұмыс сапарымен ауылға келіп, халықпен кездесіп, елді мекенде жасалған істерге оң бағасын берген болатын.

Сол сапарында Нұрсұлтан Әбішұлы «Барлық ауыл Нағи ауылындай болсын» деген сөзін арнаған еді. Бүгінде ауылымыз дамыған үстіне дами түсуде. Елді мекендегі 415 орындық мәдениет үйі, 640 орындық үш қабатты орта мектеп, 140 орындық балабақша ерекше дизайнмен күрделі жөндеуден өтіп, уақыт талабына сай халыққа қызмет етуде. Мемлекет пен жеке меншік әріптестік негізінде 1000 көрерменге арналған футбол алаңы және спорт кешені іске қосылды. Екі қабатты еңселі әкімшілік үйі салынып, пайдалануға берілді. Сондай-ақ ауыл инвесторы 300 орындық мешіт үйін салды. Ұлы Отан соғысында қаза болғандарға ескерткіш күрделі жөндеуден өтіп, боздақтардың есімдері мраморға қайта жазылып, айналасы гүлдермен көмкерілді. Алаңда үш бірдей әсем безендірілген су бұрқағы жұмыс жасауда. Орталықта 14 көше толықтай асфальтталып, көше бойына сәнді жарықтандырғыштар орнатылған.

Ауылда ауыз су мәселесі толықтай шешімін тапқан. Шіркейлі каналына су келген кезден бастап аяқ су электор насосы арқылы беріледі. Осының арқасында қазан айының ортасына дейін көшелерге су беріледі. Мұндай жұмыс басқа бірде-бір ауылда жоқ.

Осындай дәулетіне сәулеті сай ауылда тұрып, жұмыс жасау тұрғындар үшін мақтаныш. Адамдар үшін қолайлы жағдайы бар ауылға көшіп келіп, жұмыс жасаушылар қатары жылдан-жылға көбейе түсуде. Кезінде ауылдан жан-жаққа кетіп жұмыс жасайтындар бүгінде туған жерге қайта оралып жатыр. Серіктестіктің өндірістік саласы жылдан-жылға қарқынды дамып, еңбек адамдарына қолайлы жағдай жасалуда. Жұмысшы, қызметкерлерге берілетін айлық табыс уақытында нақпа-нақ беріліп отыр. Жыл соңында артық өнім үшін берілетін сыйақы да уақытылы табысталады. Шаруашылық бөлімшелері қазіргі заманғы озық технология­­лармен жабдықталып, жер тегістеу, күріш жинау қуатты техникалармен атқарылады. Серіктестік аудан бойынша ең көп көлемде, яғни 5000 гектардан жоғары күріш егетін бірден-бір шаруашылық. Осынша көлемнен жыл сайын әр гектарға шаққанда жоғары өнім алып, жыл қорытындысын да аймақ пен ауданда белгіленген бас бәйгені әр кезде жеңіп алуда.

«Мағжан және К» ЖШС 2005 жылы құрылған болатын. Озат шаруашылыққа 15 жылдан бері іскер басшы, аудандық мәслихат депутаты Дархан Ералиев басшылық жасап келеді. Ол осы жылдар ішінде нарықтық экономиканың қыры мен сырын жан-жақты меңгерген, ұйымдастыру қабілеті жоғары үздік менеджер екендігін көрсетті.

Шаруашылықтың шешуші салаларына өз ісіне берілген, жоғары білімді, ізденімпаз мамандарды тарта білді. Атап айтқанда механизация саласында бас маман болып Бақыт Ерманов, егіншілік саласында бас агроном болып Манарбек Тұрсынбаев, қауіпсіздік техникасының маманы Медет Мауханов, өзінің орынбасары болып Әбдімәлік Бисенбаев қызмет жасайды. Өндіріс бригадасының жетекшілері қатардағы күрішші, механизаторлардан жасақталған. Олардың бәріде өндірісте ысылған, қиындықтан қайтпайтын, ұйымдастыру қабілеті жоғары өз орталарында беделді адамдардан тағайындалған. Серіктестікте жоғарғы оқу орнын бітіріп келген жас мамандар қызмет жасап, тәжірибелерін шыңдауда.

Жақын шет елдер мен өз еліміздегі жоғарғы оқу орындарында ЖШС-ке қажетті мамандықтар бойынша серіктестік есебінен ауыл жастары оқып жатыр.

Қазақстанның Еңбек Ері абзал азамат, іскер басшы Абзал Ералиев әлемді жайлаған пандемия кезінде туған ауылын қамқорлыққа алып, ауылдық емхананы қажетті дәрі-дәрмек және қорғаныс құралдарымен жабдықтады.

Екі орта буын медицина қызметкеріне серіктестік есебінен айлық төлеп, көмек көрсетті. Сондай-ақ өз есебінен бір жеңіл көлікті кезекшілікке қойды. Мәдениет пен спорт салаларында да түрлі шаралар өткізіп тұруға қаржылай көмек көрсетуде.

Бүгінде «Қыстың қамын жазда ойла» дегендей өз жұмысшылары мен мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға жем-шөптен көмектесіп, үйді-үйлеріне түсіріп беруде. Сондай-ақ компания есебінен Шұбаркөл көмір кенішінен көмір алдырып, ауыл тұрғындарын сапалы көмірмен тұрақты бағада сұранысқа қарай қамтып отыр. Жыл сайын тапқан табысының қомақты бір бөлігін ел игілігіне жаратып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып, тұрақты жағдай жасап отырған инвестор ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиевке алғысымыз шексіз. Алдыңғы буын аға ұрпақтың абыройлы ісін жалғастыра беруіне тілектеспіз.

Төребек Жұмабекұлы,
еңбек ардагері,
Сырдария ауданының
«Құрметті азаматы»
25 тамыз 2020 ж. 513 0