Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстаздар «Бір көлік» шипажайында демалды

Ұстаздар «Бір көлік» шипажайында демалды

Білім саласы қызметкер­лерінің мүддесін қорғау үнемі кәсіподақ назарында. Бала бағ­баны атанған ұстаздардың әлеу­меттік мәселелерін ше­шу күн тәртібінен түспей­ді. Мұғалім еңбегін баға­лап, оларды жан-жақты көтер­мелеу – негізгі бағыт. Пандемия уақытында мұғалім мәртебесін көтеріп, жұмысын оңтайландыру жолында бір­қа­тар жоба жүзеге асып келеді. Облыстық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен өткен оқу жылында «Алтын бел­гіге» бітірген түлектердің алғашқы ұстаздарына Түркіс­тан облысындағы «Бір көлік» шипажайына жолдама табыс­талған болатын.

Аймақ бойынша 300-ге жуық бастауыш сынып мұғалімдері «Бір көлік» шипажайында демалып қайтты. Оның ішінде, 22 сырдариялық ұстаз бар. Қазіргі ахуалға байланысты ұстаздарды сауықтыру мен шипажайларда тынықтыру бір жолға қойылған. Жыл сайын ұстаздарды арнайы шипажай орындарына демалуға жағдай жасалып келеді.

Негізінен, «Бір көлік» шипажайы Төле би ауданында, тау етегінде орналасқан. Шатқал бойын жағалай «Бір көлік» өзені ағады. Тау беткейіндегі таза ауа денсаулыққа пайдалы. Шипажайда долана, итмұрын ағаштары мен алма, өрік бақтары бар. Профилактикалық шипажайда тәжірибелі мамандар тыныс алу жүйесі, жүрек, қан-тамыр, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі секілді бірнеше дертті емдеп жазады. Сонымен бірге, түрлі мәдени-көпшілік және сауықтыру шарасы күнделікті ұйымдастырылады.

– Облыcтық білім саласы қызметкерлері кә­сіп­одақ ұйымы  аймақ педагогтарының мәртебесін кө­теруге жұмыс жасайды. Жыл сайын түрлі бағытта өткізілетін әрбір жобаның маңызы зор. Әркез жастарға серпін сыйлай отырып, кәсіби, білікті маман даярлаудың айқын жолын қалыптастырып келеміз. Оның ішінде біздің ауданнан шыққан талантты, білікті, білгір ұстаздарымызды барынша ынталандырудамыз, – дейді аудандық білім саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Алмас Есназар.

Арнайы жолдамаға қол жеткізген ұстаздардың еңбегі ерекше. «Бір көлік» шипажайында демалып қайтқан ұстаздар қауымы үздік шәкірттерімен мақтанады.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 
21 қараша 2020 ж. 651 0