Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жатақхана сапасы – жастар назарында

Жатақхана сапасы – жастар назарында

«Jas Otan» Жастар қанаты – жастардың мәсе­лелерімен тікелей айналысып келе жатқан бірден-бір ұйым. Оның ішінде жоғары және арнау­лы оқу орындарында білім алатын, жатақханада тұратын студенттердің мәселесі «Jas Otan» Жастар қанатының тікелей назарында. Осы ретте, Сырдария ауданында студенттер үшін маңызды кезекті мониторинг жұмыстары жүргізілді.

Жатақхананың қызметін, тазалығын тексеру, кемшіліктер анықталса жоғары тұрған органдарға ұсыныс енгізу мақсатында ұйымдастырылған мониторинг жұмысына аудандағы жастар ұйымдарының белсенді өкілдері қатысты. Олар жатақхана қызметкерлерімен бірге нысанды аралап, студенттерге арналған бөлмелермен танысты.

«Jas Otan» Жастар Қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы А.Ибрагимұлы аудан орталығындағы Сырдария агро техникалық колледжі жатақханасына жүргізілген мониторинг жұмыстары барысында жатақханада студенттерге қолайлы жағдай жасалуы тиіс екенін атап өтті.

– Әлеуметтік желілерде көп талқыланатын тақырыптар арасында жатақханаға қатысты мәселелер де бар. Үлкен қалалардағы студенттер көбінесе жатаханадағы санитарлық нормалардың сай еместігін айтады. Сондай-ақ білім алушылардың бос уақытын дұрыс пайдалану бір жолға қойылмағаны да басты кемшіліктердің бірі. Сырдария агро техникалық колледжі жатақханасының 68 орынға арналғанын білеміз. Яғни, бұл жерде 68 студентке қолайлы жағдай жасалуы қажет. Байқағанымыздай жатақхана таза, жылы әрі санитарлық талаптарға сай келеді. Бұл – коллежд әкімшілігінің бірлесе атқарған еңбегінің жемісі, – деді ол.
Өз кезегінде аудандық «Жастар ресурстық» орталығының маманы Сәуле Сыздықова қашықтан онлайн режимде білім алып жатқан студенттермен «ЗУМ» жүйесі арқылы жиналыс өткізуді ұсынды. Бұл ұсыныс колледж тарапынан қолдау тауып, уақыты мен ұйымдастырылу барысы нақтыланатыны айтылды. Аталған жиналыста студенттерге жатақхана қызметі жөнінде сұрақтар қойылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ «Jas Otan» Жастар Қанатының үйлестіруімен студенттер арасында сауалнама жүргізу жөнінде де бастама көтерілді. Бұл олардың ұсыныс-пікірін тыңдап, оны іске асыруға септігін тигізері анық.

Жүргізілген мониторинг жұмыстары нәтижесінде жастар ұйымдарының өкілдері Сырдария агро техникалық колледжімен бірге студенттердің сапалы білім алуы, қоғамдық іс-шараларға тұрақты түрде қатысуы үшін бірлесе еңбек етуге келісті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ  
31 қазан 2020 ж. 437 0