Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудандағы әр отбасыға аудандық газет баруы тиіс

Аудандағы әр отбасыға аудандық газет баруы тиіс

Демеушілердің қолдауымен еңбек ардагерлерінің, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың, көп балалы отбасылардың мекен жайына аудандық газетті жаздыру жұмыстары ұйымдастырылып келеді. Ардагерлерге құрмет көрсету арқылы басылымға қолдау білдіруге ниетті азаматтардың бүгінде өзіндік шоғыры қалыптасты деп айтуға толық негіз бар. «Аудандағы әр отбасыға аудандық газет бар­уы тиіс» деген ұсынымды ұстанған біз үшін бұл зор қуаныш әрі жұмысымызға серпін берерлік ізгі іс.
Бүгінде барлығы 83 тұрғынның мекен жайына аудандық газет жазылды. Оның ішінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері Яхия Тасыров пен Маханбет Бержанов та бар. Қос майдангердің шаңырағына аудандық газетті білім саласының майталманы Баян Сүюбаева жаздыртып берді. Мұнан бөлек С.Сейфуллин ауылының тумасы, кәсіпкер Мақсұт Әбілдаев өзі туып өскен елді мекендегі 15 отбасының аудандық басылымды оқуына демеушілік көмек көрсетті. Демеушілер қатарында Қазақстан Жазушылар Одағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы Қаршыға Есімсейітованың есімін ерекше атап өтуге болады. Белгілі қаламгер аудандағы 13 зейнеткердің газет оқырманы атануына өз үлесін қосты. Сондай-ақ Нұрхан Есенгелдіұлы, Сәдір Ержанұлы, Нұрлан Әбутәліпов, Еркін Спанов, Нұрбол Жұмабеков, Айдос Омаров, Бексұлтан Зетов, Салтанат Қуандықова, Сәуле Сыздықовалар да ардагерлер мен тұрмысы төмен отбасылардың мекен жайына жергілікті газетті жаздыртып берді. Мұның бәрін топтастырғанда 83 адамды құрады. «Көп түкірсе, көл» деген осы шығар...
Айта кету керек, аудандық газет редак­циясындағы баспасөз маманы мен әр ауыл­дағы тасымалдаушылар арқылы зерделеу жұмыстары жүргізілді. Соның негізінде ауыл­дардағы газет мүлдем бармайтын отба­сылардың тізімін қалыптастырдық. Біздің ұстанымымыз – аудандағы әр отбасыға аудандық газет баруы керек. Өйткені газетте жергілікті биліктің атқарып жатқан жұмысы, жоспарлары және ауданға қатысты басқа да маңызды ақпараттар жарияланады. Аталған ақпараттармен әр тұрғын танысуы тиіс. Бұл идеологиялық тұрғыдан алып қарағанда маңызды.
Осы ретте әр ауылдан аудандық газетке жазылуға шамасы келмейтін ең мұқтаж деген 30 отбасының тізімін қалыптастырып, кестеге түсірдік. Бүгінде Жетікөл ауылы бойынша 30 отбасы, Қалжан ахун ауылы бойынша 23 отбасы демеушілер есебінен қамтылды. Бізде басқа 11 ауыл бойынша да осындай тізім бар және әр ауылдағы мүмкіндігі келетін азаматтар аталған отбасыларға басылымды жаздыртып беру арқылы редакцияға қолдау көрсеткенін қалаймын. Сондықтан аудан азаматтарын игі іске үлес қосуға шақырамыз. Өздеріңіздің ұстаздарыңызға, құрмет тұтатын басқа да жақындарыңызға немесе біздегі тізім бойынша газетке жазылуға шамасы келмейтін зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, тұрмысы төмен от­басыларға, көпбалалы аналарға жергілікті газетті жаздыртып берсеңіздер, құба-құп болар еді.
Қазіргі таңда аудандық газет аптасына екі рет 3661 данамен таратылуда. Бұл тәуелсіздік жылдарындағы ең жоғарғы көр­сеткіш. Өмірі өнегеге толы Абызбай Маханбетов атамыз бас редактор болған жылдары аудандық басылым таралымы 4100 болған екен. Бекем бірлік пен көркем тірлікті ұштастырсақ, бұл көрсеткішке де жетуге болады. Тек ынта мен ниет керек. Бұл ретте осы жылдан бастап «Бір ай – бір оқырман» жобасын жүзеге асыруға үлес қосып жатқан аудандық «Тіршілік тынысы» газеті ұжымының да еңбегі бар екенін айта кеткен жөн.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ

14 сәуір 2020 ж. 1 113 0