Кәсіпкерлік нысандарын аралады
Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев Тереңөзек кентіндегі бірқатар сауда және кәсіпкерлік нысандарды аралады. Оның ішінде, дәріханаларға барып, дәрі-дәрмек қорына қатысты сала мамандарымен пікірлесті.
Жалпы, аудан бойынша бүгінде 13 дәріхана бар. Оның 5-і аудан орталығында орналасқан. Қазіргі таңда дәріханаларға қажетті дәрілер уақытылы жеткізіліп, баға тұрақтылығы күнделікті бақылауға алынған. Аудан әкімі қандай жағдай болса да дәріханаларда дәрі-дәрмек қорының болуы қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, сақтық шараларына аса мән беріп, барлық талаптарды сақтау керектігін ескертті.
Аудан басшысы сауда нысандарын аралап, кәсіпкерлермен сөйлесті. Кәсіп иелеріне қазір мемлекет тарапынан көптеген жеңілдіктер жасалып жатқанын айтты. Мемлекеттік бағдарламалар тиімділігін пайдаланып, кәсіпкерлік көкжиегін кеңейту керектігін жеткізді. Кәсіпкерлердің қандай мәселелері бар екенін тыңдап, кәсіпті әртараптандыру бағытында жұмыс жасауға шақырды. Осы мақсатта тиісті бөлім басшысына тапсырма берді.
— Қазіргі жағдай бәрімізге белгілі. Сондықтан кәсіпкерлік нысандары мен сауда орындарында сақтық шараларын қатаң бақылауда ұстау керек. Әрбір тұтынушыдан кәсіп иелері мұны талап етуі тиіс. Одан бөлек, дәріханаларда қажетті дәрі-дәрмек қоры жасақталып, тұрғындар сұранысы үнемі қамтылуы қажет. Бұл біздің бақылауымызда болады. Сондай-ақ, осындай шақта біз кәсіпкерлікті дамыта береміз. Ол үшін мемлекет тарапынан жақсы мүмкіндіктер қарастырылған. Қолынан іс келетін тұрғындарды қолдауға әркез дайынбыз, — деді аудан әкімі.
Өз кезегінде кәсіпкерлік нысандарының иелері аудан басшысына атқарып жатқан жұмыстары жөнінде мәлімет беріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында еңбек етуге ынталы екендіктерін жеткізді.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ