Аудан әкімі дәріханаларды аралады
Бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов аудан орталығындағы дәріханаларды аралап шықты. Аудан басшысымен аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Е.Ұзақбаев, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Ж.Жұмабаева бірге жүріп, бірінші кезекте қажетті дәрі-дәрмектің дәріханаларда болуына көз жеткізді.
Тереңөзек кентінде тұрғындарға «Lab Servicе company» ЖШС (бұрынғы «Ансар»), «Жанар и К» ТС және «Агри-5» ЖШС дәріханасы қызмет көрсетуде. Оның ішінде «Lab Servicе company» ЖШС дәріханасы тәулік бойына жұмыс істейді. Әрбір дәріханаға арнайы барған аудан әкімі дәріхана меңгерушілерімен және фармацевт мамандармен сөйлесіп, жұқпалы індетке байланысты қажетті 15 түрлі дәрінің мүмкіндігінше болуын атап көрсетті.
– Қазіргідей жағдайда дәріханалар тұрғындар сұранысын қамтамасыз ету қажет. Инфекцияға қатысты 15 түрлі дәрі-дәрмек тұрақты жеткізіліп, қауіпті індеттің алдын алуға бар күш-жігерді жұмсағанымыз жөн. Сондай-ақ карантиндік талаптарға сәйкес дәріханаларда тұрғындар арақашықтықты сақтауы тиіс. Жалпы ауданда дәрі тапшылығын болдырмау үшін жұмыла жұмыс жасауымыз қажет, – деді аудан басшысы.
Аудан орталығындағы «Lab Servicе company» ЖШС дәріханасының меңгерушісі А.Тәжібаев бүгінде дәрі іздеген тұрғындар саябырсығанын жеткізді. Қажетті деген дәрі-дәрмек, медициналық құралдар, антибиотиктер уақытылы келгенімен, тез арада өтіп кетіп жатқандығын атады. Ал «Агри-5» ЖШС дәріхана фарцевті М.Сейсенова «Парацетамол», «Аспирин» секілді дәрілердің сатылымда бар екендігін айтты.
Дәріханаларды аралау барысында сала мамандары дәрі-дәрмек шекті бағадан қымбат сатылмауын ескертті.