СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІК НЕГІЗДЕРІ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бүгінгі күні ең негізгі мәселеге айналып отыр. Бәріне белгілі, елімізде кең ауқымда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес науқаны жүргізіліп, бұған барлық мемлекеттік органдар мен мемлекеттік қызметкерлер үлесін қосып жатыр. Еліміз егемендік алғалы мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін бірталай нормативтік-құқықтық актілер бекітілді. Елбасы Н.Назарбаев «Сыбайлас жемқорлық қоғам тұрақтылығына, мемлекеттік Конституция негіздеріне қатер тигізеді, сол үшін сыбайлас жемқорлықпен күресу еларалық міндет»- деді. Сыбайластыққа қарсы күресте біздің еліміз ТМД мемлекеттері арасында алдыңғы қатарда экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі арнаулы агенттік құрылды. Бұрын сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс істегені үшін қызметтен кетірілген адамдар өмір бойы мемлекеттік органдардағы кез келген қызметке тұра алмайтын болды. Сондықтан жемқорлық жасаған адамдардың бәрі де барлық артықшылықтардан айырылады.Қарап отырсақ, сыбайлас жемқорлықпен килікпей отырған әлемде бірде-бір ел жоқ. Әңгіме соның қоғамда қаншалықты орын алып отырғандығында. Қазақ «Шыдамның да шегі бар» деп бекер айтпайды. Қоғамдағы сыбайлас жемқорлық әрекеттерінде де шек, өлшем бар. Оны саралап, салмақтап біліп отыру – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізетін органдардың стратегиясының маңызды бөлшегі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы «дайын рецепті» жоқ. Бірақ енгізілген және тәжірибеде қолданылып жатқан көптеген табысты мысалдар, әдістер, жаңалықтар бар. Қазақстан өзінің ерекше менталитетін, адамгершілігін және жеке тұлғаға деген құрметін сақтай отырып, әрдайым басқа елдердің тәжірибесінен жақсысын таңдап алатындығымен, басқалардан үйренуге ұялмайтындығымен ерекшеленеді. Мұның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді тәжірибесіне де тікелей қатысы бар.
Сыбайлас жемқорлықты жоя алсақ, мемлекетіміздің де абыройы өседі. «Қазақстанда жемқорлық жоқ екен» деген бір ауыз сөз елдің атын әлемге паш етпей ме?! Әрине, бұл бір күндік жұмыс емес, оған жылдар керек.
Г.ӘЛЖАНОВА