Туған жерге тарту
Елімізде мемлекеттік жастар саясатына көрсетіліп жатқан қолдау жеткілікті. Мемлекеттің тірегі саналатын оларға әр жыл сайын түрлі бағдарламалар іске асырылып, өскелең ұрпақтың әлеуетін арттыруға көп күш жұмсалуда. Оның ішінде жастарды баспанамен қамту, олардың сапалы білім алуына жағдай жасау алғашқы кезекке қойылған. жастар мәселесі биылғы жолдауда да ерекше аталып, мемлекет басшысы кемел келешек үшін жан-жақты жұмыс жасалатынын атады.
Мемлекет тарапынан бөлек белгілі кәсіпкерлер де елдің жарқын болашағын қалыптастыратын жастарға зор қолдау көрсетуді үрдіске айналдырған. Бұл орайда, «Ақжарма және» К» шаруа қожалығының төрағасы Қайрат Нұрсейітовтің ауыл жастарына жасап келе жатқан игі істерін атап айтуға болады. Белгілі кәсіпкер шаруашылықта еңбек үрдісін жалғастыратын жас мамандарды жұмыспен қамтуға басымдық беріп келеді. Өйткені, қазіргі өндіріс технологиялары, егін техникалары заман талабына сай жаңарған. Оларды меңгеруге жастардың қажеттілігі зор. Сондықтан да әр жыл сайын шаруашылық төрағасы жас мамандарды жұмысқа қабылдайды.
Еңбеккер жастардың әлеуетін жақсартуды да кәсіпкер назардан тыс қалдырмайды. Оған дәлел, шаруашылықтың жастарын баспанамен қамтамасыз ету үшін жыл сайын шаруашылық есебінен үй салып береді. Сол арқылы оларды еңбекке ынталандырады. Мұндай қолдау жастардың ауылда қалып, сол елдің өркендеуіне сүбелі үлес қосуына септігін тигізіп жатыр.
– Жастар – келешектің иесі. Сол себепті де жас буынды еңбекке баулып, оларға әркез қолдау білдіріп отыру қажет. Осы мақсатта шаруашылықта айтарлықтай жұмыс жасап жатырмыз. Ерінбей еңбек еткен жастарды баспанамен қамтамасыз етіп келеміз. Одан бөлек, оларды әлеуметтік жағынан қолдауға аса мән берілуде. Қазақ халқымыз «Жас келсе, іске» деп бекер айтпайды. Сондықтан ауыл жастарын демеу жұмыстарын жалғастыра береміз, – дейді Қайрат Болатұлы.
Биылғы егін жинау науқаны қарсаңында шаруашылық төрағасы жастарды қолдауға тағы бір игі іс жасады. «Болат Нұрсейітов» атындағы орталық алаңға «I love Aqjarma» жазуын орнатты. Бұл ауыл жастарына зор серпін бергені анық. Себебі, жастар орталық алаңға көп барады десек, ол жердің айшықталып, гүлденіп, ажарланып тұрғаны өскелең ұрпаққа мақтаныш сезімін ұялатыды. Сондықтан әрбір ауылда жастарға осындай қолдау көрсетілсе, ауданныңдауым қарқын ала бермек.
– Бұрын көршілес Нағи Ілиясов ауылына қызыға қарайтынбыз. Қазір өзіміздің Ақжарма ауылы да аталған ауылға қарап, бой түзеп, дамып келеді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде де елді мекенде көптеген жұмыстар қолға алынды. Жастар демалатын орталық алаңды абаттандыруға ауыл әкімдігі мен жергілікті кәсіпкерлер көп көңіл бөлуде. Тіректі елді мекеннің түтіні түзу ұшып, дами беретініне сеніммен қараймыз, – дейді ауыл тұрғыны М.Босатқанова.
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ