Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қашықтан оқуға қамқорлық жасалуда

Қашықтан оқуға қамқорлық жасалуда

Елімізде білім беру процесі карантин талаптарына байланысты қашықтан ұйымдастырылуда. Бұл ретте оқушылардың қажетті құрал-жабдық­тармен қамтамасыз етілуі маңызды.

Биылғы жаңа оқу жылында аудан бойынша 17 мектептің 15-інде 1-4 сыныптар аралығында кезекші сыныптар ұйымдастырылса, аз комплектілі екі білім ошағында, атап айтқанда №191 Іңкәрдария мен №174 Жетікөл орта мектептерінде барлық сыныпта дәстүрлі сабақ өткізілуде. Аталған 15 мектептің 5-11 сынып оқушылары қашықтан оқытылуда. Оларды планшет, ноутбуктармен қамтамасыз ету мәселесі білім бөлімінің басты назарында. Аудандық білім бөлімінің бас маманы Жанар Қойшыбаеваның айтуынша, елімізде орын алған пандемиялық жағдайға байланысты оқушылар мен оларға сабақ беретін мектеп мұғалімдерінің тех­никалық құралдары, интернетке қосылу жағдайлары алдын ала зерттелген.

– Электронды құралдары мен интернет байланысы жоқ оқушыларға ақпараттық құрал алу бағдарламасындағы қаржы есе­бінен 157 планшет және 767 сим карта алуға 13 млн 54 мың теңге қаржы қаралды. Мектеп балансындағы 1074 компьютерлер, ноутбуктер де уақытша пайдалануға берілді. Барлық білім беру ұйымдары бойынша елді-мекендердегі кәсіпкерлер демеушілік есе­бінен 52 электронды құрылғылар алып берді. Облыстық білім басқармасы тарапынан «Dara Bilim» қоғамдық қорынан 13 үйден оқитын мүмкіндігі шектеулі оқушыларға ноутбук берілді, – дейді ол.

«Қашықтан оқыту кезінде балаларға үй тапсырмасы беріле ме?» деген сауал көпті толғандырады. Бұл жөнінде ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов арнайы мәлімдеме жасады. Аталған мәлімдемеде «Бала үйде отырып істеген оқу тапсырмасын жеке беріп, оның үстіне қайтадан екі есе көлемде үй тапсырмасын беру мақсатқа сай болмайды. Сондықтан балаларға жүктемені көбейтпеуді жөн көрдік. Өзге елдерде осындай үлгі де, зерттеу де бар. Солардың негізінде әдістемелік ұсыным жасадық. Біз оқу және үй тапсырмасы деп бөлу жоқ екендігін айтып отырмыз. Олар үйде отырып оқыған дүниені үйге тапсырма ретінде береді» – делінген.

Бір сәтте қашықтан оқытуға көшу оңай болған жоқ. Дегенмен өткен оқу жылының соңына таман басталған онлайн оқу тәжірибесі жаңа оқу жылының бастамасында кәдеге жарағаны анық. Карантинге байланысты қашықтан оқыту бұл уақытша, өтпелі кезең болуға тиіс. Ұстаздар қауымы осындай қиын уақытта оқушыларға терең, мазмұнды білім береді деп сенеміз.

Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ 
12 қыркүйек 2020 ж. 547 0