Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қоғалыкөл ауылының тынысымен танысты

Қоғалыкөл ауылының тынысымен танысты

Аудан әкімі Талғат Дүйсебаев Қоғалыкөл ауылына барып, елді мекен тынысымен танысты. Ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралап, ауыл ақсақалдарымен, тұрғындармен жүздесті.

Кездесуде аудан басшысы Президент Жолдауында ел экономикасын ілгерілетуге негізгі басымдықтарға мән берілгеніне тоқталды.

– Қазіргі кезеңде барлық мемлекет экономикасын тұрақты ұстауға күш жұмсауда. Осы ретте, еліміздің экономикасын дамыту үшін Мемлекет басшысы жаңа Жолдауында әр сала бойынша атқарылатын жұмыстарды тізбектеп берді. Оның ішінде қазіргідей жағдайда жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтауға басымдық беріліп отыр. Сондықтан осы кезеңде шағын және орта бизнесті ілгерілетуге жұмыс жасауымыз қажет. Сондай-ақ әлеуметтік салалардағы жұмыстарды да жандандыратын боламыз. Одан бөлек, бүгінде эпидемиологиялық ахуал тұрақты деп босаңсуға болмайды. Керісінше, індетпен күрес әлі жалғасуда. Сондықтан сақтық шараларына аса мән беруіміз керек, – деді аудан әкімі.
Өз кезегінде еңбек ардагерлері Қ.Рүстемов, Ш.Сыздықов, Ә.Абибуллаев құт дарып, бақ қонған елді мекеннің тыныс-тіршілігін айтты. Қазіргі таңда ауылда әлеуметтік мәселелер ретімен шешімін та­уып, елді мекен өркендеп келе жатқандығын тілге тиек етті.

Қоғалыкөлге сапарында аудан басшысы әдет­тегідей емхана, мектеп, балабақша, мәдениет үйі нысандарын аралап, жылу маусымына дайындығын көрді. Сондай-ақ «Жамбыл-2030» ЖШС-нің егістік алқабына барып, егінге орақ салу рәсіміне қатысты.

Аудан басшысы шаруашылық еңбеккерерін егін жинау науқанының басталуымен құттықтап, қырманның астыққа толуына тілектестік білдірді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес екенін атап, кооперация жұмысын жандандыруға тоқталды. Мұның қазіргі кезеңде тиімділігі мол екенін жеткізді.

Серіктестік төрағасы Болат Рүстемов бүгінгі таңда 1000 гектарға жуық жерге егін егілгенін атады. Қоғалыкөлдік егінжай ерлері ала жаздай егінді күтіп-баптап, берекелі науқанда мерей тұғырынан көрінуге ниетті. Қазіргі таңда шаруашылықтың астықты ысырапсыз жинап алуға техникалары сайланған.

Егін орағының лентасы қиылғаннан кейін қоғалыкөлдік еңбеккерлер күрішті шашпай-төкпей жинау қамына кірісті.

Балтабай ОРДАБЕКОВ 

08 қыркүйек 2020 ж. 781 0