Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » АЙТУЛЫ МЕРЕКЕГЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА

АЙТУЛЫ МЕРЕКЕГЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА

Конституция күнін мерекелеудің маңызы қашанда мол. 30 тамыз – халқымыздың ең жоғарғы дәрежеде атап өтетін басты мерекелерінің бірі. Себебі, егемен елдің өмірінде Ата Заңның алар орны биікте, мәні мен маңызы ерекше.
Біздің елде 1995 жылы Конституция қабылданып, осы басты құжат негізінде зайырлы, бейбітсүйгіш жас мемлекет қалыптасты.
Бұл еліміздің, жеріміздің, халқымыздың ұстанатын принциптері мен мемлекеттің даму жолындағы бағыт-бағдарын көрсетеді. Ширек ғасырда Қазақстанның қай салада болмасын қарыштап дамуының да көрсеткіші мен кепілі ретінде Конституциямыздың төңірегіне топтасады. Сондықтан Ата Заңымызды әрбір саналы азамат қадірлейді, қастерлейді. Мемлекеттегі құнды құжат адамгершілікке негізделген бейбіт өмір дамуын алға қояды. Мереке күнінің айшығын кіргізген арнайы шара мәдениет үйінде өз жалғасын тапты. Бұл күні құрмет те, марапат пен мерей де, салтанат пен салиқалы сөз де айтылды. Ең алдымен ашық аспанның символы, қазақтың көк Туы ортаға енгізіліп, мемлекеттік Гимн шырқалды.
Мемлекеттік қызмет саласына адал еңбек етуге келген жас мамандар ант қабылдап, елінің алдында кәсіби біліктілігін көрсетіп халқы үшін тер төгуге серт берді. Кейін аудан әкімі Р.Рүстемов алғаш сөз алып, барша көрерменді мерекемен құттықтады.
– Азаттықтың алтын арқауына айналған Ата Заң – Тәуелсіздікпен теңдес киелі ұғымға айналды. Халқымыздың қалауымен, тағдырдың тартуымен қабылданған Ата Заңның арқасында біз тарихи дәуірлер кезеңін сенімділікпен еңсердік. Біздің Ата Заңымыз елдің бірлігін, қоғамның қауіпсіздігін, ұлттар мен ұлыстардың татулығын, ең бастысы – жеке адамның бостандығына кепілдік береді. Өздеріңізге белгілі, Конституциялық қағидаларды берік ұстанудың арқасында заңдардың қызмет аясы кеңейіп, құқықтық мемлекет пен азаматтық қоғамның қарқынды дамуына жол ашылды. Демек, ел мүддесі жолында, қазақ елінің баянды болашағы жолында даму мен бейбітшілікке өзек болған Ата Заңымызды ардақтау арқылы Отанға адал қызмет ету – әрбір азаматтың парызы деп білеміз. Ұлан-ғайыр жерді мекендеген халқымыздың басты байлығы – бірлік пен ынтымақ. Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын.
Ал мемлекеттің ең басты құндылығы адам және оның бостандығы болса, оның тірегі – бейбітшілік пен тыныштық. Конституция осы аталған ұғымдардың мызғымас кепілі, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Салтанатты шарада елдегі саяси маңызды іс-шараларға белсене қатысқан бірқатар азаматтар Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың, облыс әкімі Қ.Ысқақовтың, аудан әкімі Р.Рүстемовтің «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен бірге, патриоттық әндер шырқалып, аудан көркемөнерпаздары өз өнерлерін көрсетті. Айта кету керек, іс-шара аясында аудан әкімі аудандық кітапхана дайындаған кітап көрмесімен танысты.

Майя ҚОЖАБАЙ
30 тамыз 2019 ж. 782 0