Ардагерлерді ардақтау ізгілікті үрдіс
Бүгін біз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойғандығын аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің сайтынан оқып білдік. Құжаттың ардагерлерге және осы Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға әлеуметтік қолдау шараларын ұсынудың ұйымдастырушылық, экономикалық және құқықтық негіздерін айқындайтындығын аңғардық. Қазыналы қарттарды барлық жағынан қолдау мемлекет тарапынан жүзеге асып келеді. «Ардагерлер туралы» жаңа заңның қолданысқа енуі шын мәнінде мәртебемізді көтерді. 18 баптан тұратын Заңның мазмұнында әлеуметтік, құқықтық, экономикалық тұрғыдан ардагерлердің мүддесі қорғалатындығы айтылған.
Заң аясында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлеріне, еңбек ардагерлеріне жағдай жасауға, олардың жылдар бойы жасаған еңбегі мен ерен ерлігіне құрмет көрсетуге мән беріліп отыр. Бүгінде ауданда Ұлы Отан соғысының ардагерлері Яхия Тасыров пен Маханбет Бержанов Жеңістің 75 жылдығын қарсы алды. Майдан даласында ел басына күн туған сындарлы сәтте олардың ерлік көрсеткені, келер ұрпаққа өшпес өнеге. Жыл сайын «Жасапаз жасақ» жобасы аясында қан майданда от кешкен батырларымызды ұрпақтары көпшілікке насихаттауда.
Ал еңбек майданында шыңдалған Дүйсенбай Керейтбаев, Ибадулла Ақниязов, Цон Ги Хва, Күләнда Әбдіраманова, «Сыр сұлуы» бригадасының жетекшісі Баян Құтыбаева секілді тағыда басқа еңбек ардагерлері республика көлемінде аудан мерейін асырды. Ауданда қоғамдық негізде ардегерлер кеңесімен бірге Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушы ардагерлер, Ауғанстан жерінде ұрыс қимылдары жүргізілген уақытта әскери борышын өтеген ардагерлер, Қазақстан аумағында көптеген адамның өмірін жалмаған сынақ алаңы Семей полигонында болған ардагерлер белсенді жұмыс жасап келеді.
«Ардагерлер туралы» Заңның шенберінде өмір бойы табанды еңбек етіп, сындарлы кезеңдерде күш-жігерімен қайраткерлік танытқан қазыналы қарттарға әділ баға берілетін болады. Ардагерлерді ардақтау ізгілікті үрдіс. Қазыналы қарттарға қай кезде де құрмет көрсету абыройлы борыш.
Хайролла Әбенұлы,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы