Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ХАЛЫҚТЫҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

ХАЛЫҚТЫҢ БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫ

Қазақстан халқы байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып, 1995 жылы қолданыстағы бас құжат Ата Заңды қабылдады.
Конституция күні – мемлекетіміз, халқымыз үшін ең ұлық мерекелердің бірі. Ел Конституциясы мызғымас мемлекеттігіміздің алтын қазығы, қазақстандықтардың тең құқықтары мен мүмкіндіктерінің кепілі болып табылады. Ол қоғамда демократияны дамытуға және елде бейбітшілік пен келісімді нығайтуға серпін береді. Ең бастысы, Конституция – халықтың құқығы мен бостандығын қорғайтын негізгі заң.
Ата Заңның негізгі маңызын айтатын болсақ, дамыған демократиялық мемлекеттерде бірде-бір адам құқығы мен бостандығын Ата Заңсыз елестете алмайды. Яғни, олар күнделікті өмірде өздерінің құқығы мен заңдарын қорғау үшін Конституцияда бекітілген заңнамаларға жүгінеді. Конституция осылайша халыққа қызмет етіп, олардың тірегіне айналады.
Биыл Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 24 жыл толып отыр.
Конституция сот жүйесі үшін де айрықша маңызға ие. 1995 жылы 30 тамызда Республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституцияға «Соттар және сот төрелігі» деген атаумен арнайы бөлім енгізіліп, 75-82 баптар сот құрылымын реттеді.
Заңмен өмір сүру және заңды құрметтеу – әр азаматтың борышы. Тәуелсіз елдің еркінен туып, сынынан өткен, 9 бөлім, 98 баптан тұратын Ата Заңда елдің дамуы, бүгіні мен болашағы құқықтық жағынан реттеліп, айқындалған.

Меңдігүл Асан,
Сырдария аудандық сотының
жетекші маман-
баспасөз хатшысы
30 тамыз 2019 ж. 708 0