Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ДӘЛДЕП АТЫП – ЖАУДЫ ЖЕҢ, ДӘЛЕЛДЕП АЙТЫП – ДАУДЫ ЖЕҢ

ДӘЛДЕП АТЫП – ЖАУДЫ ЖЕҢ, ДӘЛЕЛДЕП АЙТЫП – ДАУДЫ ЖЕҢ


«Өзгені жеңсең – мықтысың, өзіңді жеңсең – құдіретсің», – дейді шығыс ойшылдарының бірі Лао Цзы. Шынында да, өмір – күрес. Алдымен, өзіңнің кемшілігіңмен күресесің, ал өзгенің қателігіне, дауына төреші болу – қиынның қиыны.
Жақында Қазақстан Республикасы­ Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Асанов еліміздің Бас судьясы ретінде өткіз­ген алғашқы алқалы жиынындағы әріп­тестеріне арнаған сөзінде, судья­ны әділ шешім табуға, қоғамның, мемлекеттік және жеке меншік инсти­туттарының қателігін түзетуге борышты дана қартқа теңеді. Әділ сот тұрақты дамудың іргелі негіздерінің бірі екенін айтты. «Біз тек қана үкім шығарамыз, хирургтер секілді адам тағдырына операция жасаймыз. Бұл постулаттарды біздің әрқайсысымыз күн сайын оны Гиппократтың анты секілді қайталауымыз керек» – дей келіп, заң үстемдігі азаматтардың сот әділдігіне көзі жеткенде ғана қамтамасыз етілетінін, сондай-ақ сот саласының тиімділігіне өлшем болатын жеті жобаны атады. Соның ішінде, елімізбің Бас судьясы азаматтық істердің көбей­гендігіне алаңдаушылық білдірді. Бүгін­де 2 млн. адам сот әуресімен жүр. Оған сот аппаратын, прокурорларды, сот орындаушыларын, адвокаттарды қосыңыз. Бұл бюджетке үлкен салмақ, елдің дамуына зор кедергі. Арызданып жүргендердің дені жастар, бизнес жасап, жұмыс орындарын ашып, елге пайда келтіріп жүргендер. Олар кәсібін ысырып қойып, алтын уақытын соттасуға жұмсауда. Ағасы-інісімен, әкесі-баласымен, шешесі-қызымен сот­тасқан жағдайлар аз емес. Осындай келеңсіздіктерден арылу үшін дауды сотсыз шешетін инс­титуттарды дамыту қажеттігін атап өтті.
Үстіміздегі жылдың 24 ақпан күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында ҚР Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі С.Б.Сүлейменнің қатысуымен «Сотсыз татуласу орталығын» құру, оның тиімділігін түсіндіру мақсатында жиын өтті. Жиынға «Нұр Отан» партиясы Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев, аудандық құқық қорғау органдарының басшылары, үкіметтік емес ұйым жетекшілері қатысты.
Жиынды аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова ашып, жүргізіп отырды.
Сөз алған ҚР Жоғарғы Сот тө­ра­­­ғасының кеңесшісі Сағатбек Болат­бекұлы «Сотсыз татуласу орта­лығын» құру қоғам үшін қажет бастама екенін, пилоттық жобаның қазақылықтың қаймағы бұзылмаған өңірден бастау алуы да заңдылық екенін жеткізді.
– Елімізде өз баласынан жерігендер, шаңырағы шайқалғандар, ымыраға келмей тулақтай жерге таласып, сотқа жүгінетін көршілер көбейді. Расында, өкпенің арты – өкінішке, даудың соңы – даурықпаға ұласып жатқаны ащы да болса шындық. Ертеде, ақыл айтып, ымыраға шақыратын, тентегін тезге салып отыратын билер болған. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының да түп негізі осыған саяды. Яғни, ұлттық кодымызды жоғалтпай, салт-дәстүрімізден ажырамай қоғамды әрі қарай ізгілендіру. Ұлттық жаңғыру – өткен тарихымызды білуден басталады және заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табыс­ты жаң­ғыртудан тұрады десек, бұл ретте, бүгінгі қазақстандық сот жүйесінің бастау бұлағы саналатын кешегі билер сотын айналып өте алмаймыз, – дей келіп, Сағатбек Болатбекұлы ауданда қоғамдық кеңестердің құрылуы өте жақсы бастама екенін, сол арқылы даулы мәселелерді шешу қоғамды ізгілендіруге жасалған қадам екенін баса айтты.
Мұнан соң «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», мәдениет саласы­ның қайраткері А.Бақтиярова, ардагер-ұстаз Г.Әбілова, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары И.Құттықожаев пилоттық жоба жайлы пікірлерін білдірді.


С.СҰЛТАНҚЫЗЫ
27 ақпан 2018 ж. 1 881 0