«Парасат» орденімен марапатталды
Тәуелсіздік күні қарсаңында Елбасы Н.Ә.Назарбаев мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыру рәсіміне қатысып, ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қазақстандықтарды марапаттады.
Рәсімге қатысушыларға арналған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің басты мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтап, егеменді ел ретінде дамыған жылдарымыздағы бірқатар жетістіктерді атап өтті.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы еліміздің жетістіктері мен институционалды реформаларды іске асырудағы әрбір қазақстандықтың рөлі мен күш-жігері жөнінде айтты.
– Бүгін біз өз ісінің білікті мамандары, Отанымыздың нағыз патриоттары болып саналатын қазақстандықтарға құрмет көрсетеміз. Мемлекеттік наградаларға мәдениет пен өнер, білім беру мен денсаулық сақтау ісінің қайраткерлері, бизнес пен өндіріс саласының өкілдері, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, соғыс және еңбек ардагерлері, спортшылар мен мемлекеттік қызметшілер ие болуда. Өз істеріңізге деген адалдықтың, еңбекқорлықтың, қажыр-қайрат пен ерліктің арқасында сіздер әріптестеріңіздің құрметіне бөленіп, қоғамда зор беделге ие болдыңыздар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осындай мерейлі сәтте жерлесіміз, жақында ғана Жоғарғы Сот төрағасы қызметіне тағайындалған Жақып Қажманұлы Асанов «Парасат» орденімен наградталды. Бұған дейін Ж.Асанов Бас Прокурор қызметінде болып, азаматтар құқықтарының қорғалуына тегеурінді жұмыс жасап, прокуратура саласының заманға сай дамуына өз үлесін қосты. Ендігі жерде жерлесіміз сот саласында жемісті еңбек етпек. Парасаттылығымен «Парасат» орденін алған жерлесімізді құттықтаймыз!
«ТТ»-ақпарат