Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне 100 жыл

«Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне 100 жыл

Адамзат кез-келген уақытта ақпаратқа мұқтаж. Халықтың ақпараттық мұқтаждығын өтеуде газет-журнал, ақпарат агенттігі, телевизияның алатын орны орасан зор. Ақпарат айдынындағы  «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігінің құрылғанына 100 жыл толды. Ғасырлық белесті бағындырған агенттік атауы бірнеше мәрте өзгертілді.

Бір ғасыр бойы ақпарат агенттігі күн сайын елдегі, шетелдегі жаңалықтарды таратумен айналысып келеді. «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге де өзіндік үлесін қосуда. Олай дейтініміз, агенттiктiң Кеңес Одағы кезiнде саяси құжаттаpды, қаулылаpды, одақ пен оpталық басшылаpының айтқан сөздеpiн, баяндамалаpын қазақшаға аударып, халыққа жеткізгені. Оған дәлел Қазақстан Pеспубликасының тәуелсiз ел атанғанын алғаш болып ҚазТАГ («ҚазАқпаpат») тiлшi­леpi таpатқан. 1991 жылы 17 желтоқсанда «Казахстанская правда» газетінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып жарияланғаны туралы ауқымды материал шықты. Авторы – «Қазақпараттың» тілшілері. Демек, қазақ тарихында тәуелсіз Қазақстан жайлы алғаш ақпарат таратқан - «Қазақпарат» халықаралық ақпарат агенттігі.

Тәуелсіздік алған жылдары төл ақпаратты ана тілінде тарату ісі жолға қойылды. Білікті қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлы қазақ бөлімінің редакторы болған тұста ҚазТАГ-та қазақ тілді ақпараттың үлгісі жасалып, өзіндік стилі қалыптасты. Бұрын орыс тілінен аударғанда сөзбе-сөз аударылып келсе, Жарылқап Бейсенбайұлы ақпарат жазатын журналистерді қазақ тіліндегі жаңалықты еркін жазуға үйретті.

Бүгінде «Қазақпараттың» халықаралық деген статусы бар. Агенттік Қазақстанда ең алғаш болып осы статусты алғаны мәлім. 100 жыл бойы саясат, экономика, білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және басқа да салалардан жылдам әрі сенімді ақпарат таратып келеді. 

Бұрын «Қазақпарат» орысша ақпараттарды қазақшаға аударған болса, қазір қазақшадан қытай, өзбек тілдеріне аударылып ақпарат таратылады. 2004 жылы агенттік пайдаланушыларына жаңалықтарды қазақ тілінен латын қарпіне академик Әбдуәли Қайдаровтың әдісімен көшірудің жаңа нұсқасын ұсынды. Бұл осы әдісті іс жүзінде қолданған алғашқы ақпарат агенттігі екендігін айта кеткеніміз жөн. Соның арқасында шетелдегі қандастарымызға тарихи Отанында  орын алған оқиғалардан сапалы ақпарат алуға мүмкіндік туды.
«
Қазақпарат»  агенттігі Президент әкімшілігінен, Парламенттен, Үкіметтен, өңірлердің атқарушы органдарынан ресми хабарлама таратады. Агенттің орталығы Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Агенттіктің дүние жүзі бойынша 15 корреспонденті бар. Олар онлайн режимі арқылы Ресей, Қытай, Түркия, Еуропа елдері, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Иорданиядан хабар таратады. Қазақстандық интернет-ресурстардың ішінде «ҚазАқпарат» ХАА үздік ондыққа кіреді. «ҚазАқпараттың» жаңалығын әлемнің 200-ден астам елі оқиды.

Бүгінгі күні «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агеттігі бес бірдей қауымдастықтың мүшесі. Олар Азия және Тынық мұхиты елдерінің – ОANA қауымдастығы, ТМД елдерінің – АНИА қауымдастығы, түркітілдес елдердің – ТКА қауымдастығы, Экономикалық ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің – ЭКОНА қауымдастығы, Каспий теңізімен шектесетін елдердің – АКСНА қауымдастықтары. Агенттік ТАСС, Синьхуа, ИРНА секілді 43 шетелдік ақпарат агенттігімен тікелей ақпараттық байланыс орнатқан. «ҚазАқпарат» агенттігінің ақпаратын 100-ге тарта республикалық және шетелдік басылымдар пайдаланады. Осы ретте медиа контент қалыптастыруда өзіндік үлес қосқан "Қазақпарат" агенттігінің мерейтойымен құттықтаймыз.

Айдана ҚАЛИЕВА

14 тамыз 2020 ж. 285 0