Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үміткерлер депутаттармен кездесті

Үміткерлер депутаттармен кездесті

2020 жылдың 12 тамызында өтеді деп жоспарланған ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауына үміткер ретінде тіркелген кандидаттар Сырдария ауданында болды. Үміткерлер облыстық және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті.

Карантин талаптары барынша сақталып ұйымдастырылған жиынды «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орныбасары Еркебұлан Жақып ашып, жүргізіп отырды. Ол алда келе жатқан саяси науқанның ел өмірінде алатын орны ерекше екеніне тоқталып, бүгінде облыстан ҚР Парламенті Сенатына бірқатар үміткер тіркелгенін, олардың сайлауалды бағдарламасы облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланғанын атап өтті.

Кездесуде ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына үміткер ретінде тіркелген Ақмарал Әлназарова, Айдын Қайроллаев, Мұрат Сәрсенбаев сөз сөйлеп, өздерінің өмірбаяндарын, сайлауалды бағдарламаларын таныстырды. Үміткерлер осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарына назар аударып, алға қойған мақсат-міндеттерімен бөлісті. Сондай-ақ облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде ойларын жеткізді.

Жиын барысында облыстық мәслихат депутаты Р.Есенов, еңбек ардагерлері А.Божанова, Ұ.Жаналиева сөз сөйлеп, Сенат депутаттығына үміткер кандидаттарға сәттілік тіледі.

«ТТ-ақпарат»
05 шілде 2020 ж. 412 0