Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ОСК: Президент өкілеттігі Тоқаевқа көшті

ОСК: Президент өкілеттігі Тоқаевқа көшті

Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтатылғаны және Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігінің Қ.К.Тоқаевқа көшкені туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды, онда үш мәселе қаралды.

Бұл туралы БАҚ-тармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл бөлімі хабарлады.
2019 жылғы 20 наурызда 9.00-де Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы болды, онда үш мәселе қаралды:
1) Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы;
2) Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Қ.К. Тоқаевтың өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы;
3)  Қазақстан Республикасының Президенті өкілеттігінің Қ.К. Тоқаевқа көшкені туралы.
Конституцияның 42-бабының 3-тармағына сәйкес Республика Президентінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметінен мерзімінен бұрын босатылған жағдайда тоқтатылады.
Конституциялық Кеңестің 2019 жылғы 15 ақпандағы № 1 қаулысы бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің конституциялық мәртебесінен оның өз еркін білдіруіне сәйкес өкілеттігін тоқтату құқығы туындайды. Ол Мемлекет басшысының өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға дербес негіз болып табылады. Тиісті қаулы қабылданды.
Конституцияның 48-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті қызметінен мерзімінен бұрын босаған жағдайда, Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігі қалған мерзімге Парламент Сенатының Төрағасына көшеді.
Өзіне Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаған тұлға, тиісінше Сенат Төрағасының өкілеттігін доғарады.
Тиісінше, № 885 Жарлықтың 2-тармағымен Президенттің өкілеттігі қалған мерзімге Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа көшетіні көзделді.
Осыған байланысты, Конституцияның 48-бабының 1-тармағын және «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» КЗ нормаларын басшылыққа ала отырып, ОСК Сенат депутатының өкілеттігін тоқтатуға әкелетін негіздің туындағаны туралы қаулы қабылдап, Парламент Сенатына тиісті ұсыным енгізді.
Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының қаулылары Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңына сәйкес, «Қазақстан Республикасы Президентінің өкілеттігін атқару туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 19 наурыздағы № 887 Жарлығы негізінде қабылданды.
https://baq.kz/news/othernews/osk-prezident/
20 наурыз 2019 ж. 1 078 0