Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЫРДЫҢ ТЕРЕҢІНЕН МАРЖАН ТЕРГЕН ...

ЖЫРДЫҢ ТЕРЕҢІНЕН МАРЖАН ТЕРГЕН ...


Жақында Н.Ілиясов ауылдық кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының, «Туған жер» атты кіші бағдарламасын іске асыру мақсатында «Өлке болып оқимыз» жобасы аясында Сыр өңірінің тумасы, ақын, жыршы Қуаныш Баймағанбетовтің шығармаларын насихаттауға арналған «Сырдың саңлақ сүлейі» атты әдеби – жыр кеші өтті.
Сыр топырағы қашанда тума таланттардан кенде емес. «Сыр сүлейлері» осынау сөзді естігенде ойыңа Балқы Базар, Тұрмағанбет, Майлы Қожа, Кете Жүсіп, Жиенбай секілді атақты жыраулар оралады. Осындай атақты ақын жыраулардың сапында бағзы заманнан өнерді құлай сүйген, сырдың сұлу жырын жырлап, Қорқыт Бабадан бері қарай тарихи тұлғаларды зор ықыласпен қадірлеп, құрметтеп жырға қосқан Қуаныш Баймағанбетов Қызылорда облысы, Сырдария ауданына қарасты Аманкелді ауылында 1895 жылдың көктем айында дүниеге келген. Ақын анасы Нұрсұлудың қамқорлығы мен өзінің пысықтығы арқасында оқуға зейінді, білімге құштар болады. Ол он бес жасында арабша оқи да, жаза да алатын деңгейге жетіп, Қожа Ахмет Яссауи мен Әл-Фарабидің, Фердоуси, Бұқар жырау мен Шалкиіздің, Қазтуған мен Мұраттың шығармаларына ынта қойып оқиды. Сыр бойындағы дүл-дүл ақындардың, арқалы жыраулардың дастан –қиссаларына қызығушылығы артады. Сонымен қатар Шығыс әдебиетіне ықыласы ауып, араб, парсы, татар, тілдерінде көне түрікше, шағатайша басылған кітаптарды іздестіріп оқи бастайды. Қорқыт пен Асан қайғы туралы көп дүниелерді оқып, өзі де қисса – дас­тан, аңыз, өлең жазуға, алдыңғы атақты ұстаздарының жолымен жырдың тереңінен жыр маржанын теруге ден қояған. Көз майын сарқа оқып, оқығанын көңілге тоқи білген, қолынан келгенше туған халқының рухани қазынасына өз үлесін қоса білген Қуаныш ақынның шығармашылық жолы айтыс өнерінен басталған. Алғаш рет 18 жасында Сыр өңіріне әйгілі Сейтжан ақынмен айтысып, оны жеңуі Қуаныш ақынның есімін елге танытып, шабытын шарықтата түседі. Одан кейін Иса Байзақовпен жұмбақ айтыс түрінде айтысып, танысады. Ақын туған өлке мен табиғат әлемінің құбылыстары, адам арасындағы қарым – қатынастар жайлы толғау өлеңдер жазып қана қоймай, кейін қоғамдағы жағдайларға үн қосып, саяси лирика түріндегі жырлар жазуға бет бұрған. Ақын шығармашылығын насихаттауға арналған әдеби кешке «Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің әдіскері Индира Қартбаева, ауылдық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қуандықов Нұрмағанбет, ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төребек Жұмабекұлы және сала мамандары, ұстаздар қауымы мен мектеп оқушылары қатысты.
«Ақын жыры – халық жыры», – дейді дана халқымыз. Сондықтан да ақын есімін халқы әспеттеп, құнды мұрасын үкілеп ұстауға, қадір - қасиетін ардақтап, өнегесін кейінгі ұрпаққа насихаттау әрбір азаматтың парызы. Ақын шығармашылығына арналған кеш «Жақұт жырдың айнасы-Қуаныш Баймағанбетов» атты кітап көрмесімен жалғасып, шара соңында №132 Т.Айтбаев атындағы мектептің мұғалімі Жанболат Нұрмағанбетов «Сырдария аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік коммуналдық мекемесі атынан «Алғыс хатпен» марапатталды.
Я, ақынның әрбір сөзі мірдің оғындай дәл, найзаның ұшындай өткір. Сондықтан Қуаныш Баймағанбетовтің шығармашылығы келер ұрпаққа мол мұра болып қала бермек.

Айдана МАРАТҚЫЗЫ
22 мамыр 2018 ж. 1 120 0