Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ескі ғимарат балабақшаға лайықтандырылуда

Ескі ғимарат балабақшаға лайықтандырылуда

Қазақстан бойынша Айдарлы аталатын төрт ауыл болса, соның біреуі Сырдария ауданына тиесілі. Елді мекен Қызылорда қаласына іргелес жатыр, алайда аудан орталығынан 115 шақырым шалғайда орналасқан. Қазіргі таңда ауылда 1700-ден аса адам тұрады. Экономикалық белсенді халық саны 800-ге жуықтайды. Ауыл халқы өзін-өзі жұмыспен қамтып, кәсіпкерлік саласы да ілгерілеу үстінде.

Айдарлы ауылын айтқанда мұндағы ұйымшыл жастарға тоқталып кетпеуге болмайды. Себебі еріктілікті жанына серік еткендер елді мекеннің көркеюіне өз үлестерін қосуда. Қай кезде де ауызбірлік танытып, ауылдың қоғамдық жұмыстарына белсене араласып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп келеді. Мәселен, ауыл жастары өткен жылы елді мекенге кіреберіс арканы салуға бір кісідей жұмылды. Одан бөлек тұрмысы төмен ауыл тұрғынына үй салып берсе, ауылдық мешіт алдына өрені (навес) де жасап қойды. Айдарлылық жастардың індет тараған кезеңдегі тұрғындарға жасап жатқан көмегі мен өзге де қайырымды істері көз қуантады.

Шалғайдағы ауылдың өсіп-өркендеуіне атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осыған дейін елді мекендегі әлеуметтік нысандар, атап айтқанда ауыл әкімдігінің ғимараты, мәдениет үйі, емхана жаңадан салынды. Көшелер де кезең-кезеңімен жөндеуден өтіп, ауыл ажары айшықталуда.

Тұрғындарының әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстар биыл да жалғасын табуда. Соның бірі – ескі емхана ғимаратын балабақша ретінде қайта жаңғырту және кеңейту жобасы. Ауыл орталығында орналасқан ескі ғимаратқа қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізіліп, балабақшаға лайықтандырылуда. Осы жұмыстардың барысымен бүгін аудан әкімі Руслан Рүстемов арнайы барып танысты.

Аталған жобаның құрылысы 29 мамырда басталған. Қазіргі таңда ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мердігер мекеме «РБ-Строй» ЖШС қайта жаңғыртудан өткізуде. Құрылыс жұмыстары толық жүзеге асқанда бұл нысан 50 орындық балабақшаға айналып, айдарлылық балғындар тәрбиеленетін болады. Келешекте балабақшада екі топ ашылады деп күтілуде.

Құрылысты аралап, мердігер мекеме өкілімен тілдескен аудан басшысы сапаға мән беру керектігін атады.

– Айдарлы ауылы аудан орталығынан алыс болғанымен назардан тыс қалмайды. Бұл елді мекенде биылдың өзінде ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Жыл басынан бері «Ақтам» каналының 4 шақырымы, «Ботабай» каналының 6 шақырымы тазартылды. Одан бөлек, Қ.Еспенбетов көшесі орташа жөндеуден өткізіліп жатыр. Сонымен қатар, ескі емхана ғимаратын балабақшаға лайықтандыру жұмыстары облыстық бюджет есебінен жүргізілуде. Осының барлығы ел-халық үшін атқарылып жатқан жұмыстар. Бала – болашағымыз десек, сол бүлдіршіндерді тәрбиелейтін орынның құрылысы сапалы жүргізілуі тиіс. Бұл үнемі бақылауда болады, – деді аудан әкімі.

Өз кезегінде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлімхан Бахадүров бұл ғимарат алғашында балабақша ретінде салынып, одан кейін емхана болғандығын айтты. Ауылдық емхана жаңадан бой көтергеннен кейін ескі ғимаратты балабақшаға қайта лайықтандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп, осы атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылығын жеткізді.

– Айдарлы ауылы – кезінде ірі қарамен аты шыққан елді мекен. Бұл жерде мал шаруашылығымен қатар бидай, жүгері егілген. Кейіннен бұл жұмыстардың барлығы тоқырауға ұшырады. Содан кейінгі кезеңде ауылға аяқ судың келуі үлкен мәселеге айналды. Міне, көптің көкейіндегі мәселе биыл шешімін тапты. Ерте көктемде елді мекенге келетін каналдар тазартылып, есігіміздің алдына аяқ су келді. Халық бау-бақшасын егіп, өз шаруаларымен айналысуда. Айдарлылықтар дән риза. Мына ескі емхана да енді балабақшыға айналмақшы. Бұл жерден көптеген балдырғандар тәрбиеленіп шығатын болады. Ауылда осындай ауыз толтырып айтуға болатын жұмыстар істеліп жатыр. Сол үшін де алғысымызды білдіреміз, – деді ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

«РБ-Строй» ЖШС директорының орынбасары Болат Қуанышбаев құрылыс жұмыстары уақытылы жүргізіліп келе жатқандығын жеткізді. Алдағы уақытта ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жасалып, ғимараттың есік, терезелері, шатыры салынатын болады. Құрылыс жұмыстарының аяқталу мерзімі – қыркүйек айының аяғы.

02 тамыз 2020 ж. 579 0