Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдағы ахуал тұрақты ма?

Ауылдағы ахуал тұрақты ма?

Тұрғындарға құқықтық түсінік беру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбестік мәдениетін қалыптастыру – бұл өзекті мәселе. Аудандық ішкі саясат бөлімінің тапсырысына сәйкес «Сырдария – Нұрдария» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен 25-26 қыркүйек аралығында аудан тұрғындары арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізілді.
Ауылдарды аралау барысында топ құрамында аудан прокуроры Е.Алмазұлы, аудандық полиция бөлімінің басшысы Е.Сағидуллаұлы, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә.Мырзахметова, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров, «Nur Otan» партиясы аудандық филиал кеңесшісі Б.Ахметов болды. Тұрғындармен кездесуден кейін ауданның құқық қорғау органдарының басшылары қоғамдық қабылдау өткізді.
Ақпараттық-насихаттық топтың жұмысы Айдарлы ауылынан басталды. Кездесуде аудан прокуроры Е.Алмазұлы тұрғындарға соңғы екі жылда ауданда сыбайлас жемқорлық фактілерінің болмағандығын атап өтті. Ауданның бас полицейі бұрынғы жылдармен салыстырғанда Айдарлыда тәртіптің жақсарғанын, мал ұрлығына тосқауыл қою үшін елді мекен тұрғындары тұтас пада (кезек) ұйымдастыру қажеттігін айтты.
Айдарлы ауылы көркейіп келеді. Оған жастар да белсенді атсалысуда. Ауылдың белсенді жастары өз күштерімен кіреберіс арканы тұрғызып, әрлеу жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ имандылық үйі – мешіт жанынан қалқа (навес) жасаған.
Жетікөл ауылында ауданның құқық қорғау органдарының басшылары тұрғындармен ашық пікірлесіп, мал кезегін ауыл болып ұйымдастырғанда мал ұрлығына тосқауыл қойылатынын айтты. Бұл ретте көрші Айдарлы ауылының бір жақ тұрғындарының мал кезегін ұйымдастырып отырғандығы жарқын мысал етілді. Ауыл халқы негізінен малмен күнелтеді. Сондықтан мал ұрлығына республика көлемінде мән берілуде. Ауданның бас құқық қорғаушысы Е.Алмазұлы заңға өзгерістер еңгізіліп, барымташыларға бұрын­ғыдай кешірім берілмейтінін, екінші рет мал ұрлығын жасаса, ол орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына көшетінін айтып, мұның да қазір ықпалы болып жатқанын жеткізді.
Топ мүшелері мен амангелділіктер арасында бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешудің жолдары іздестірілді. «Қазпошта» АҚ арқылы үш ауылға ортақ терминал қою мәселесі тиісті органдарға жеткізілетін болды.
Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылдарында да тұрғындардың мәселесі тыңдалып, оларды оң шешуге ықпал етілетін болды.
***
Ақпараттық топтың екінші күнгі сапары Н.Ілиясов ауылынан басталды. Республикаға белгілі ауыл көркейген, гүлденген. Ақсақалдар мен тұрғындар жиналған кездесуде аудан прокуроры Е.Алмазұлы жалпы қылмыстық жазалардың қатаңдағаны жөнінде хабардар етті. Өз кезегінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы А.Мырзахметова мен қоғамдық кеңес төрағасы М.Омаров елдегі ауызбіршілік пен тұрақтылық маңызды екенін жеткізді.
Аудандағы үлкен ауыл саналатын Шаған елді мекеніндегі кездесуде тұрғындар сала мамандарына өздерінің көкейде жүрген маңызды сұрақтарына жауап алды. Мұндағы көтерілген мәселе – ауылдық аурухананың шатырында орналасқан екі бірдей желі антеннасы. Ауыл халқының айтуынша, мұндағы антенна ем қабылдап жатқан адамдардың денсаулығына кері әсерін тигізеді екен. Осы мәселені шешу жөнінде ауданның прокурорына өтініш жасады. Е.Алмазұлы аталған мәселе бақылауда болатынын жеткізді.
Іңкәрдария, Ақжарма елді мекендерінің де хал ахуалы тыңдалып, ауыл тұрғындарымен жүздескен ақпараттық топ, маңызды деген мәселелерді қаперге алып, оң нәтиже беруіне жұмыс жасайтындарын айтты.


Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Майя ҚОЖАБАЙ
28 қыркүйек 2019 ж. 475 0