Ғалымдар Арал өңірінің табиғатына төзімді жаңа бидай сортын ойлап тапты
Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Арал өңірінің табиғатына төзімді «Зарина» атты бидайдың сортын ойлап шығарды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі BNews.kz агенттігіне сілтеме жасап.
Ы. Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты егін салу науқанына «Зарина» атты жарты тонна бидай сортын дайындап қойған. Ғалымдар аталған бидай сортын 2002 жылдан бері зерттеген.
Аталған ғылыми институттың ғалымдары Алматыдағы өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтымен бірігіп, жаңа бидай сортын мемлекеттік сараптамаға жіберген. «Заринаның» құрамындағы балауыз бен лизин мөлшері – 30%.
Ғалымдар аталған бидайдың жаңа сортын Арал өңірінің шұғыл континетті табиғатына төзімді екенін айтуда.
Қазіргі таңда өңірде шаруалар күріш, мал азығына арналған дақылдарды, көкөністер мен бақша өсімдіктерін өсіреді екен. 2017 жылы Арал өңірінде 961 гектар жерге бидай өсірілген, себебі мал азықтарына сұраныс артқан. 2018 жылы диқандар бидай өсіретін алқаптың көлемін 165 гектарға арттыруды жоспарлап отыр.