Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№96 газет

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 газет

30 қараша 2024 ж.

№94 газет

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Электронды көрсетілген қызметтер үлесі 40 пайызға артты

Электронды көрсетілген қызметтер үлесі 40 пайызға артты


Қоғам дерті болған жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түскен емес. Мұның алдын алудың басты шараларының бірі барлық қызметті электронды түрде жүзеге асырып, бақылауды күшейту. Осы тұрғыда, біз ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Е.Қарымсақовпен сұқбаттасқан едік.
– Ержан Нағызханұлы, өзіңізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан — 2050» Стратегиясында, сонымен бірге Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауларында адамның барлық өмір тіршілігі кезеңдерін және барлық салаларды қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруға ерекше көңіл аударды. Осыған орай, департамент мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында қандай функцияларды жүзеге асыруда?
– Қазақстан Республикасы­ның Мемлекетітк қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру, облыс бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласын бақылау және мониторингтеу жұмыстарын жүргізеді.
– Елбасы жыл сайынғы Жолдауларынды электронды қызмет үлесін арттыруға, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру мәселесіне басты назар аударып келеді. Қазіргі таңда, облысымызда электронды қызметтер үлесі қандай көрсеткіште?
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында мемлекеттік қызметтер көрсету үдерісі мейлінше оңтайландырылуға тиіс. Құжаттардың мерзімі мен тізбесін қысқартып, қайталанатын рәсімдерді жою керек. Бұл орайда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электрондық форматқа көшіру қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ, Елбасы биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында мемлекеттік қызмет көрсетуде цифр­ландыру қажеттігін тапсырды. Осы бағытта департаментпен көптеген жұмыс атқарылуда. Нәтижесінде электронды қызметтер үлесі 40% артқан.
Облыстың орталық және жергілікті атқарушы органдарымен 2017 жылы 4 173 466 қызмет көрсетілсе, оның 40% электронды түрде, 14% Мемлекеттік корпорация арқылы, 46% мемлекеттік органмен қағаз жүзінде көрсетілген.
2016 жылы электронды қызметтер үлесі 12% құраса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 40% құрап, 3,5 есеге көбейген.
Ал, мемлекеттік органның тікелей өзімен қағаз жү­зінде көрсетілетін қызметтер саны 25% төмендеген.
– Осы бағытта департаментпен қандай жұ­мыстар атқарылуда?
– Облыстағы электронды қыз­мет­тер үлесін арттыру мақсатында департамент қызметкерлерімен халықтың көп шоғырланған аймақ­тарында E-gov электронды үкімет порталымен қызмет алуды насихаттау мақсатында акциялар, мектеп оқу­шылары мен жоғары және арнаулы орта оқу орындары студенттерінің қатысуымен құқықтық оқулар өткі­зілуде.
Сондай-ақ, шалғайдағы елді – мекен тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді E-gov электронды үкімет порталымен алуды насихаттау мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету жәрмеңкелері ұйымдастырылуда.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызмет көрсету орындарында бейнероликтер көрсетілсе, қызмет көрсету кезінде кезектілікті болдырмау мақсатында электронды терминалдар орналастырылды.
Қазіргі таңда, облысымыздағы мемлекеттік орган­дардың мемлекеттік қызметшілері мен бюджеттік сала қызметкерлеріне, мектеп оқушыларына, қала, аудан тұрғындарына E-gov порталымен жұмыс жасау дағдыларын үйрету жұмыстары өз жалғасын табуда.
– Өзіңізге белгілі, халық мемлекеттік қызмет алу арқылы мемлекеттік аппаратпен тікелей байланыс орнатады. Ол арқылы мемлекеттік органның қызметіне біреуі қанағаттанса біреуі керісінше көңілі толмай жатады. Осыған байланысты мемлекеттік органның қызметіне бақылау жұмыстары қалай жүргізілуде?
– Сұрағыңыз өте орынды. Департамент өз құзыреті шегінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында сыртқы бақылау жұмыстарын жүргізеді. Бақылау дегеніміз – мемлекеттік органның қызметіне тексеру және мониторинг нысанында жүзеге асырылады.
Жалпы, 2017 жылы мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамасының сақталуы бойынша Департаментпен барлығы 38 мемлекеттік органда тексеру жүргізілді.
Тексеру нәтижесімен 27 209 заң бұзушылықтар анықталды, яғни, 2016 жылмен салыстырғанда 25 259 заң бұзушылыққа артқан.
Оның ішінде, көптеген бұзушылықтар қызмет көрсету тәртібін бұзу (15 900), стандартта көзделмеген құжаттарды талап ету (10 933), толық емес құжаттар бола тұра қызмет көрсету (267), стандартта көрсетілген қызмет көрсету мерзімдерін сақтамау (72), қызмет көрсетуден негізсіз бас тарту (3), өзге де заң бұзушылықтар (34).
– Тексеру нәтижесімен мемлекеттік органның қызметкеріне қандай шара қолданасыздар?
– 38 мемлекеттік органда жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша Заң бұзушылықтарға жол берген мемлекеттік органның 37 қызметшісіне тәртіптік жаза қолданылса, 1 лауазымды тұлғаның ісі Департамент жанындағы Әдеп жөніндегі кеңес отырысында қаралып, «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
– Егер тексеру нәтижесімен қылмыс белгілері анықталса қандай шара бар?
– Тексеру нәтижесімен қылмыс белгілері анықталса тиісті уәкілетті органға материалдарын жолдаймыз, егер әкімшілік белгілер анықталса мемлекеттік органның бірінші лауазымды тұлғасына Департаментпен әкімшілік хаттама толтырылады.
– Былтырғы жылы қанша адамға әкімшілік айыппұл салынды?
– Департаментпен ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің» 465-бабының 1-бөлігіне сәйкес қызмет көрсету мерзімдерін сақтамағаны үшін 1 лауазымды тұлғаға, осы Кодекстің 465-бабының 2-бөлігіне сәйкес қызмет көрсету тәртібін бұзғаны үшін 3 лауазымды тұлғаға жалпы, 5 әкімшілік хаттама толтырылып, Сотпен тиісті шешім қабылданды.
Сотта қаралған 5 әкімшілік хаттамалар бойынша мемле­кеттік қаржысына өндірілген айыппұл мөлшері 499 180 теңгені құрайды.
– Егер қызмет алу кезінде қызмет көрсету тәртібін бұзу, негізсіз бас тарту, әуре-сарсаңға салу, артық құжат талап ету, мемлекеттік орган қызметкерлерінің дөрекі сөйлеу фактілерін қалай анықтайсыздар?
– Сұрағыңыз өте орында. Жоғарыда айтып өткендей, Департаментпен жүргізілетін тексеру нәтижесімен аталған заң бұзушылықтар анықталып жатады. Бұдан бөлек, Агенттік тапсырмасына сәйкес 2017 жылдың мамыр айынан қазіргі күнге дейін үкіметтік емес ұйым өкілдерімен бірлесіп «Жасырын сатып алушы» жобасы жүргізілуде.
Жобаның мақсаты – қоғамда орын алып жатқан әкімшілік кедергілерді анықтау. Қазіргі таңда, 52 мемлекеттік органда аталған жоба нәтижесімен 130-ға жуық заң бұзушылықтар бойынша 10 лауазымды тұлғаға тәртіптік жаза қолданылды.
– Ержан Нағызханұлы, сіздер мемлекеттік орган қызметкерлерінің тәртіптік, әкімшілік жауап­кершілігін қарамастан бұрын, алдын-алу жұмыстарын жүргізесіздер ме?
– Әрине. Мемлекеттік органның қыз­мет­керлеріне департамент тарапынан ҚР Мемлекеттік көр­се­тілетін қызметтер саласындағы құқықтық актілеріне түсін­дірме жұмыстары, құқықтық сабақтар, семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізіліп тұрады.
Жалпы департаментпен, былтырғы жылы 154 түсіндірме шаралары өткізілген.
– Ержан Нағызханұлы, қызмет алу кезінде қызмет алушылардың құқықтары бұзылған жағдайда, әкімшілік кедергілер орын алған жағдайда қайда шағымдануға болады?
– Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің сайтына (kyzylorda.adgspk@kyzmet.gov.kz) немесе 8 (7242) 70-56-36 сенім телефонына шағымдана аласыз.
– Сүбелі сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан Б.ЖАНӘЛІ
26 ақпан 2018 ж. 1 174 0