Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет: Медицина қызметкерлеріне алғысымыз шексіз

Облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет: Медицина қызметкерлеріне алғысымыз шексіз

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет ауданға іссапармен келіп, аудандық аураханада болды.

Қазіргі жағдайға байланысты атқарылып жатқан жұмыстарды аудандық ауруха бас дәрігерінің міндетін атқарушы Ә.Іскендірова таныстырды. Бүгінде инфекциямен нақтыланған науқастарды қабылдауға жұқпалы аурулар бөлімшесінен 30 төсек орны, провизорлық стационардан 40 төсек орны және қабылдау бөлімінен 9 фильтр төсек орны жұмыс жасауда. Жұқпалы індетпен күресте ауданда медицина қызметкерлері аянбай еңбек етуде. Ал науқастарға қажетті оттегілік балон жеткілікті және керекті медициналық препараттар қоры жасақталған. Ауданда өкпені жасанды желдететін 2 аппарат бар. Осы ретте, бас дәрігердің міндетін атқарушы аталған аппарат жетіспеушілігі бар екенін атап, оған қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұраныс берілгенін жеткізді.

Облыс әкімінің орынбасары аймақта індетпен күресте кешенді шаралар жасалып жатқанына тоқталды.

– Қазіргі жағдай күрделі. Облыста қауіпті кесел жұқтырғандар саны тоқтар емес. Сондықтан жағдайды қалыпты ұстау үшін тиісті шаралар қабылдануда. Аудандардағы ауруханаларды медициналық құралдармен қамтамасыз ету үшін жан-жақты қолдау көрсетілуде. Кәсіпкерлер мен еріктілер де жанашырлық танытуда. Осы орайда тынымсыз еңбек етіп жатқан медицина қызметкерлерінің еңбегі орасан зор. Олар өздерінің жеке бастарын қауіпке тігіп, науқастарға ем-дом жасап жүр. Сондықтан медицина қызметкерлеріне алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Әбжәлелұлы.

17 шілде 2020 ж. 468 0