Облыс әкімінің орынбасары Jas Otan Жастар қанатының жұмысын жоғары бағалады
Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Серік Ахмет Сырдария ауданына жасаған іс сапары барысында аудан әкімі Руслан Рүстемовпен бірге Jas Otan Жастар Қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің атқарып жатқан жұмыстарымен танысып, жастар ұйымының жұмысын жоғары бағалады.
Облыс әкімінің орынбасарына Jas Otan ЖҚ Сырдария аудандық бөлімшесінің басшысы Ақтөре Ибрагимұлы жетекші партияның жобаларын, стратегиялық мақсат-міндеттері мен бастамаларын жүзеге асыруда Jas Otan ЖҚ-ның қосқан үлесі жөнінде мағлұмат берді.
– Коронавирус індетіне шалдыққан науқастарға қолдау көрсету мақсатында Үндеу жарияладық. Үндеу жарияланған күні сырдариялық спортшылар, оның ішінде Сұлтан Қобландин бастаған көгалдағы хоккейден ел чемпиондары «Қайсар» ерлер және қыздар құрама командасы «Jas Otan» Жастар қанатының бастамасын қолдап, оттегілік баллондарды толтыруға, тыныс алу аппараты мен медициналық қорғаныш құралдарын алуға 500 000 теңге қаржылай қолдау көрсетті. Мұнан бөлек бір аптада қоғамдық орындарда, көшелерде 700 дана тегін медициналық бетперде тараттық. Алдағы уақытта да еріктілер тиісті жұмыстарды ұйымдастыра береді, – деп атап өтті бөлімше басшысы.
Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет сырдариялық жастардың игі ісімен әлеуметтік желілер арқылы таныс екенін айтып, ерікті жастарға ризашылығын білдірді. Аудан жастарының жүйелі жұмысын өзге аудандарға насихаттап, үлгі ету керектігін атап өтті.