Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәл қазіргі керегі – үрейге берілмеу

Дәл қазіргі керегі – үрейге берілмеу

Қазіргі таңда аудандық аурухана коронавирустық инфекция жұқтырған науқастарды емдеу мақсатында тиісті жұмыстарды атқаруда. Медицина қызметкерлері ауру жұқтырғандардың ем-домы үшін барлық күш-жігерін жұмсауда. Бұл туралы аудандық аурухана әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеді.

«Тұрғындар тарапынан жан-жақты қолдау, көмек көрсету дәрігерлерді қанаттандырады. Осы ретте Сырдария ауданы әкімдігі тарапынан да бірқатар көмек көрсетілуде. Атап айтқанда, жедел-жәрдем қызметі үшін 3 қызметтік автокөліктер бөлінді. Сондай-ақ әкімдік тарапынан науқастарға облыс орталығынан оттегілік балондарды жеткізу ісі жолға қойылып, күнделікті тасымалдауға көлік ұйымдастырылып беруде. Қатты науқастанып жатқан тұрғындардың тыныс алуына қажетті оттегі жеткізуші аппараттың жетіспеушілігі туындаған болатын. Сырдария ауданы әкімдігі осыған да атсалысып, 5 тыныс алу аппаратын және 5 мың дана медциналық бетперде алып беру жұмыстарын жүргізуде» деген аталған мәлімдемеде.

Сонымен бірге ауданның денсаулық сақтау саласының мамандары күндіз-түні тыным таппай еңбек етіп жүрген дәрігерлерге қолдау көрсетіліп жатқанын жариялаған. Атап айтқанда, аудан әкімдігі тарапынан 25 медицина қызметкері бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіліп, олардың еш алаңдамай жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалыпты. «Провизорлық стационарда науқастарға арналған төсек орнын көбейтуге де атсалысуда. Жұқпалы ауруға байланысты кез келген мәселеде аудан әкімдігі тарапынан бірінші кезекте көмек көрсетілуде» дейді аудандық аурухана әкімшілігі.
10 шілде 2020 ж. 730 0