Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жақынымызға жанашыр болайық!

Жақынымызға жанашыр болайық!

Аудан әкімі Руслан Рүстемов коронавирус індетін алдын алуға байланысты фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады. 

Құрметті ағайын!

Қазір әлем жұртшылығы үлкен сынақты бастан өткеріп жатыр. Жұқпалы індетті жұқтырғандар саны күн санап артып, кесел көп адамның өмірін жалмауда. Бұл жағдай ел қабырғасын қайыстырып, жұртшылық жақындарынан көз жазып қалуда. Осыған байланысты Ел Президенті бүгінгі күнді Ұлттық аза тұту күні деп жариялады. Ұлттық аза тұту күні - тек құрбандарды еске алып, қайғыру ғана емес, індетпен күресте барша отандастарымызды біріктірудің бірден-бір жолы. Осы ретте жанашырларынан айырылған жандардың қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын.

Эпидемиологиялық ахуалдың күрделене түсуіне байланысты Мемлекет басшысы елімізде екі апта карантин жариялады. Алғашқы апта ел үшін, оның ішінде облыс, аудан жұртшылығына оңай соқпады. Инфекциямен ауырғандар санының азаймауы алаңдатарлық жағдайға жетті. Міне, енді аталған індетпен күрестің шешуші кезеңіне келіп жеттік. Бар мүмкіндікті пайдаланып, аурудың бетін қайтаруға жұмылуымыз қажет.

Карантин жағдайындағы шектеу шараларын түсіндіру мақсатында ауданда үш мобильді топ құрылып, жұмыс жасауда. Мобильді топтар аудан көлемінде сақтық шараларын қатаң сақтау, қоғамдық орындарда карантиндік талаптарды орындау қажеттілігін айтуда. Тұрғындардың маскамен жүруін, дезинфекция құралдарын пайдалануын, қоғамдық жерлерде арақашықтық сақтауын түсіндіруде. Бұл өз кезегінде кеселдің көп таралмауына септігін тигізеді.

Індет жұқтырғандарды уақытылы емдеу басты назарда тұр. Осыған байланысты инфекциялық стационардағы төсек орны 10-нан 30-ға көбейтілді. Ал провизорлық стационарда 49 төсек орны бар. Қажет болған жағдайда қосымша провизорлық орындар санын көбейтуге облыстық денсаулық сақтау басқармасына тиісті ұсыныс берілді. Аталған стационарларда науқастарды емдеуге 36 медицина қызметкері күндіз-түні тынбай еңбек етуде. Осы ретте, жеке бастарын қауіпке тігіп, уақытпен санаспай қызмет етіп жүрген медицина қызметкерлеріне алғыс білдіреміз.

Аудан тұрғындарының денсаулығын сақтау жолында аудан әкімдігі тарапынан бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, жедел-жәрдем қызметі үшін қызметтік көліктер кезекшілікке қойылып, көмек көрсетілуде. Сондай-ақ облыс орталығынан науқастарға қажетті оттегілік балондарды жеткізуге арнайы көлік ұйымдастырылды. Оған қоса, аудан әкімдігі ем алушыларға оттегі жеткізуші 5 тыныс алу аппараты мен 5000 дана медициналық маска алып берді. Және де тынымсыз қызмет көрсетіп жүрген 25 медицина қызметкерін күнделікті бір мезгіл ыстық тамақпен қамтамасыз етіп, олардың еш алаңдамай жұмыс істеуіне мүмкіндік жасалды.

Дәрі-дәрмек тапшылығы алаңдаушылық тудырғаны рас. Осыған байланысты аудандағы дәріхана меңгерушілерімен кездестім. Қазіргі жағдайда қажетті 15 түрлі дәрі-дәрмектің тұрақты болуын қамтамасыз ету жөнінде талап қойдым. Қазіргі таңда аудан орталығында 4 дәріхана және елді мекендерде 8 дәріхана қызмет көрсетуде. Аталған дәріханаларда қажетті дәрі қоры жасақталуда. Бұған қатысты жұмысшы топ күнделікті мониторинг жасап отыр.
Тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде зор көмек көрсетіп жатқан кәсіпкерлер мен еріктілер демеушілігін атап өткен жөн. Олар осындай қысылтаяң шақта елмен бірге екендігін танытып, қолдан келген көмектерін көрсетуде. Атап айтқанда, сырдариялық кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Расул Есенов оттегілік балондарды толтыруға 1 млн теңге қаржы бөлді. Ал «Мағжан және К» ЖШС директоры Мағжан Ералиев науқастарға қажетті оттегі балондарымен, қорғаныш киімдерімен және көлікпен қамтамасыз етуге 1 млн 100 мың теңге қаражат аударды. Одан бөлек жанашыр азамат, «Абай-Дәулет» ЖШС-нің директоры Мұрат Сәрсенбаев 950 мың теңге көлемінде демеушілік жасап, Бесарық ауылдық емханасын керекті дәрі-дәрмек және медициналық құралдармен толықтырды. Сонымен бірге меценат Аманкелді және С.Сейфуллин ауылына да қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізді. Және де ардақты азамат бүгін аудандық ауруханада ем алып жатқан науқастарға бір ірі қара сойып, олардың сауығып кетуіне тілектес екенін білдірді.

Қолдау көрсетушілердің қатарында ауданның спортшылары да бар. Сұлтан Қобландин бастаған көгалдағы хоккейден ел чемпиондары сырдариялық «Қайсар» командасы оттегілік балондарды толтыруға 500 мың теңге қаржылай қолдау көрсетті. Сонымен қатар «Мәді-Қажы» ЖШС төрағасы Сейіткамал Сұлтанов Шіркейлі ауылындағы істен шыққан жедел-жәрдем көлігін қайта жабдықтап, медицина қызметкерлерін тағы бір автокөлікпен қамтамасыз етті. Кәсіпкерлер арасында әлі де індетпен күресте қолдау білдіруге дайын екендерін хабарлап жатқан азаматтар қатары толастар емес. Бұл қиын жағдайда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген елдің ауызбірлігін танытады. Осындай зор көмек жасаған жанашыр азаматтарға алғысымыз зор.

Қадірлі жерлестер!

Жұқпалы індет міндет жүктейді. Карантиндік шектеулердің шешуші кезеңінде оның бетін қайтару үшін талаптарды орындағанымыз дұрыс. Көріп отырғандарыңыздай, қазір той тойлайтын уақыт емес. Әркім жақынына жанашырлық танытуы тиіс. Ал шектеу талаптарын сақтамағанның салдары қайғыға душар етуде. Сондықтан баршаңызды жауапкершілік танытып, карантиндік талаптарды сақтауға шақырамын. Осы кезеңнен бір-бірімізге жанашылық танытып, өтіп кетсек, қалыпты жағдайға қайта келетініміз анық. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік.

Барлық науқастың жазылып шығуына тілектестік білдіремін.
Жақынымызға жанашыр болайық!
Біз біргеміз!
13 шілде 2020 ж. 779 0