Сырдариялық спортшылар Jas Otan бастамасын қолдап, 500 000 теңге аударды
Jas Otan ЖҚ Сырдария аудандық бөлімшесі коронавирустық инфекциямен күресуге қолдау көрсету және дертке шалдыққан науқастарға көмек беру мақсатында Үндеу жариялаған болатын.
Аталған Үндеуді сырдариялық спортшылар, оның ішінде Сұлтан Қобландин бастаған көгалдағы хоккейден ел чемпиондары «Қайсар» ерлер және қыздар командасы қолдап, оттегілік балондарды толтыруға, тыныс алу аппараты мен медициналық қорғаныш құралдарын алуға 500 000 теңге қаржылай қолдау көрсетті.
Спорттық құраманың ерлер және әйелдер командасы аталған бастамаға бірауыздан қолдау көрсетіп, үлес қосты. «Бұл біздің міндеміз әрі парызымыз» дейді спортшылар.
«Jas Otan Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің Үндеуін әлеуметтік желі арқылы көріп, таныстық. Сосын спортшылар арасында талқылап, жиналыс өткіздік. Спортшылардың барлығы қолдап, ерікті түрде қаржылай қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдады. Бұл көмегіміз оттегілік балондарды толтыруға, тыныс алу аппараты мен медициналық қорғаныш құралдарын алуға бағытталса, біздің кішкентай да болса көмегіміз болады деп сенеміз» дейді команданың бас бапкері Сұлтан Қобландин.
Атап өту керек, көгалдағы хоккейден Сыр өңірінің ғана емес, Қазақстан Республикасының абыройын асқақтатып жүрген саңлақ спортшылар Нұрхан Сансызбаев, Ғалымжан Әлиев және Әйгерім Маханова бастаған спортшылар қауіпті індетке шалдыққан науқастардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Өз кезегінде Jas Otan Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесі көгалдағы хоккей спортының чемпиондарына алғысын білдіріп, спортта биік белестерді бағындыруларын тілейді.