«Jas Otan» Жастар қанаты тұрғындар ұсынысын орындады
«Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің «Фейсбук» және «Инстаграм» әлеуметтік желесінде ресми парақшасы жұмыс істейді. Аталған ресми парақшаға 14 шілде күні Тереңөзек кентінің Бауыржан Момышұлы көшесінің тұрғындарынан ұсыныс түсті. Тұрғындар өз ұсынысында «Jas Otan» ЖҚ бастамасымен тегін таратылып жатқан медициналық бетперделер көше тұрғындарына да берілсе деген тілектерін жеткізген.
Осыған орай «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің ұйымдастыруымен және Тереңөзек кентінің тумасы, жеке сот орындаушы Жандос Тұңғышбаевтың қолдауымен кенттегі Б.Момышұлы көшесінің тұрғындарының ұсынысы орындалды. Нақтырақ айтқанда, «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария ауданындағы белсенділері аталған көшеге барып, тұрғындарға тегін медициналық бетперделер таратты.
Ерікті жастар тұрғындарға медициналық бетперделер ұсынумен қатар түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. Сондай-ақ сақтық шараларын ұстану қажеттігін насихаттап, Қызылорда облысының мемлекеттік бас санитарлық дәрігерінің қаулысы жазылған үнпарақтар таратты. Мұнан бөлек тұрғындарға «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесінің атқарып жатқан жұмысы жөнінде ақпараттар берілді.
Атап өту керек, бұл жолы жасотандықтарға Тереңөзек кентінің тумасы, жеке сот орындаушы Жандос Тұңғышбаев 500 медициналық бетперде алып берді. Ол жастардың игі бастамаға үн қосып жүргенін көріп, көмек көрсетуді жөн санаған. Бұл оның азаматтығын білдіреді және Жандос Тұңғышбаевқа «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария ауданындағы белсенділері алғыс айтады.