Сырдариялық жастар тегін 200 бетперде таратты
«Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария ауданындағы белсенділері мен аудандық «Жастар ресурстық орталығының» мамандары Тереңөзек кентіндегі қоғамдық орындар мен көшелерде тұрғындарға арнап тегін медициналық бетперделер таратты.
Ерікті жастардың жүйелі жұмысы аудан орталығындағы ең ұзын көше – Аманкелді Иманов көшесінен басталды. Аудан жастары тұрғындарға медициналық бетперделер ұсынып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ сақтық шараларын ұстану қажеттігін насихаттап, үнпарақтар таратты.
Тегін медициналық бетперделер кенттің 10-ға жуық көшесінде, орталық алаңда, саябақта және сауда дүкендерінің алдында таратылды. Іс-шараға «Nur Otan» партиясының Сырдария аудандық филиалы, «Jas Otan» Жастар қанатының Сырдария аудандық бөлімшесі және аудандық «Жастар ресурстық орталығы» белсене атсалысты.
Атап өту керек, іс-шара қорытындысында тұрғындарға тегін 200 медициналық бетперде берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да ұйымдастырылатын болады.
Аудан жастары тұрғындарды карантин талаптарын орындауға, елдегі күрделі кезеңде жауапкершілік танытуға және жиын-тойларды кейінге шегеруге шақырады. Бұл қауіпті індетті болдырмау мен алдын-алудың бірден-бір жолы.