Ауыл халқына жергілікті кәсіпкер 500 бетперде алып берді

Коронавирустық инфекциямен күресте мамандар бетперде киіп жүруге кеңес береді. Бұл қауіпті індеттен қорғанудың тиімді жолы. Сондықтан кәсіпкер Әділбек Прәлиев өз ауылдастарына арнап бетперде сыйлауды жөн көрген. "Бұл менің азаматтық парызым әрі міндетім" дейді ол.
Тегін бетперделер ауыл әкімдігі қызметкерлерінің және Jas Otan Жастар қанатының ауылдағы бастауыш бөлімшесі белсенділерінің үлес қосуымен таратылды. Сонымен қатар еріктілер сақтық шараларын ұстану жөнінде қосымша түсіндірме жұмыстарын да жүргізді. Өз кезегінде тегін бетперде алған отбасылар алғыстарын білдірді.
Атап өту қажет, бірлігі бекем Шаған ауылында кәсіпкерлердің, қалталы азаматтардың қолдауымен көптеген қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда. Бұған дейін жоғарыда есімі аталған кәсіпкер Әділбек Прәлиев көмек қажет ететін ауыл тұрғындарына күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік үлестірген болатын.