Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тұрғындар белсенділік танытуы тиіс

Тұрғындар белсенділік танытуы тиіс

Аудан әкімі Руслан Рүстемов коронавирус індетін алдын алуға байланысты фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады. 
Құрметті аудан тұрғындары!

Елдегі коронавирус инфекциясы салдарынан күн санап науқастар саны артуда. Індет үдеді. Елге коронавирустың жаңа толқыны келді. Бұл қауіпті кеселді еңсеруде барлық шаралар қабылданғанымен, тұрғындар да өз-өзін қорғауға, отбасын қорғауда белсенділік танытулары тиіс.

Өздеріңіз білетіндей, 2020 жылғы 29 маусымда Ел Президенті коронавирустың таралуына қарсы шаралар қабылдау жөніндегі кеңесте Мемлекеттік комиссияға екі күн ішінде нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. Осыған орай, коронавирустық инфекция аурушаңдығының өсуі мен эпидемиологиялық жағдайдың асқынуын ескере отырып, Мемлекеттік комиссия биылғы жылдың 5 шілдесінен бастап 14 күнге шектеу шараларын енгізу туралы шешім қабылдады. Нақтырақ айтқанда, көліктер қатынасын, оның ішінде қоғамдық көліктердің жұмыс уақытын шектеу, ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шараларға, сонымен бірге отбасылық жиындарға (той, ас беру және т.б) тыйым салу сияқты карантиндік шектеу шаралары жүргізілетін болады.

Осы аталған Мемлекеттік комиссияның шешіміне сәйкес, жақын уақытта облыстың және ауданның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің тиісінше қаулылары қабылданатын болады.

Бұл шектеулер бірінші кезекте баршамыздың қауіпсіздігіміз үшін қолға алынып отырған шаралар. Осы ретте, аудандағы мобильді топқа тұрғындар мен кәсіпкерлер арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кеңінен ақпараттандыруды тапсырдым. Әсіресе, карантин талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қаралғанын ескеру қажет. Жасырып-жабатыны жоқ, бірқатар бизнес нысанының жұмысы қайта басталған сәтте санитарлық талаптарды тиісті деңгейде орындамағандары да кездесті. Бұл жөн емес.

Құрметті ағайын! Бұл індетті жеңуде сақтық шараларына салғырт қарамай, тәртіпке бағынайық. Уақытша келген бұл қиындықты бірлесіп жеңейік, жақынымызға қорған болайық, әлеумет!

03 шілде 2020 ж. 495 0